МАНАПТЫҢ ТЕРМЕСІ

Манаптың терме-толғауларында алдыңғы аға буынның асыл мұрасынан нәр алғандығы аңғарылып тұрады.
Таудың көркі – бұлақта,
Бұлақтың көркі құрақта.
Жігіттің көркі – тұрақта,
Әділдік шегі ұятта.
Сырқаттан денің сауықса,
Мінгендейсің құр атқа.
Тыңдаушыға ой салар,
Шырын сөз қалса құлақта,
– деп төгілтсе, терме соңын:
Бос ұстап қолды қанатпа,
Қапыда сойып кетпесін,
Қамыс пенен қияқ та
Бұл сөзден ғибрат ала біл,
Сау басың түспей сынаққа,
– деп түйіндейді. Өмірлік көрген – түйгенінен өсиет-өнеге өріп, соны келер буынға насихаттауды парыз тұтқан парасат иесінің «Өмірдің соқпақ жолдары» деп аталатын термесінің берер тағылымы зор.

Ақын Манап кейбір толғау-жырларын жазып отырмай-ақ домбыраны тартып отырып, төгіп-төгіп айтатын болған. Бұл жөнінде Шайдарбек Әшімов ағамыз былай дейді: «1970 жылы Мәкең біздің үйде отырып «Күреңдікі бас бәйге» деген толғауын мүдірмей жарты сағат жырлады. Екі жүз елу жолмен қайырған бұл ұзақ толғауды мен әрең үлгіріп, жазып отырдым». Ақын шабытына мінген шалқар жыр кейде осылай туады.