ЗАМАН ТАЛАБЫН ЖАТСЫНБАУ ҚАЖЕТ
Елбасы мақаласы жарыққа шыққаннан бастап, латын әліпбиіне көшуді қолдайтындар да, қарсы пікір айтушылар да көбейді. Қалай десек те, латынға көшу – болашақ үшін жасалып жатқан жаңа бастама, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеу жолындағы өркениетті шешім екені анық.
Алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылып, жаңа технологияларды меңгеру үшін, ағылшын тілін тез үйренуге де латын әліпбиі керек. Бұл әліпби біз үшін таңсық емес, бұрын да, әлі де ата-әжелеріміздің латын әрпінде жазылған кітаптарын кездестіреміз, сондықтан латын әліпбиі бізге жат емес.
Тарихқа көз жүгіртсек, біз 3 әліпбиді ауыстырыппыз. Сол кезеңде бүгінгідей газет-журнал, компьютер, тың технология деген болған жоқ. Соған қарамастан, халық басына түскен барлық қиындықты еңсере білді. Тіпті, айшылық алыс жерлерге атпен барып, сауатын ашып жүргендер болды. Ал, бүгінде шүкір делік, барлық қиындық артта қалды. Бейбіт заман орнады. Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Осындай тамаша кезеңде латын әліпбиіне көшсек, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймын.
Межелі мақсатқа кедергісіз қол жеткізу үшін қоғамның әр мүшесі – сіз бен біз бір кісідей атсалысуымыз қажет. Әсіресе, мұғалімдер мен біз секілді кітапхана қызметкерлері жас оқырмандарға дұрыс бағыт беріп, жаңа бастаманың маңыздылығын ұғындыруымыз керек-ақ.
Бүгінгі таңда осыған байланысты түрлі шаралар, жиындар мен дөңгелек үстелдер көптеп өткізілуде. Соның бірі жуырда Шиелі ауданына қарасты Төңкеріс ауылында «Латын әліпбиі – мемлекеттік тіл тірегі» тақырыбы аясында дөңгелек үстел өтті. Оқырмандар за- лына «Латын әліпбиіне көшу – ұлт рухының айнасы» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Жиынға ауыл әкімдігінің қызметкерлері, жоғары сынып оқушылары мен белсенділер қатысып, латын қарпіне көшуге байланысты өз ойларын ортаға салды. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Әлия Нұрманова дөңгелек үстел барысында латын графикасы негізінде қазақ әліпбиінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік беретін қажеттіліктер туралы өз пікірін ортаға салып, латын қарпіне көшудің оңтайлы екенін, әр адам ынта-ықылас танытуы керектігін тілге тиек етті.
Дегенмен, жиын барысында қоғамда әлі де болса жаңа әліпбиді жатсынатын жандар бар екенін білдік. Қатысушылардың бірі оған мемлекеттен жұмсалатын шығынның көптігін айтса, енді бірі егде жастағы адамдар қайтадан партаға отырып, сауатын ашуға тура келетінін алға тартты. Дегенмен, латын әрпіне көшуді қолдағандар қатары көп болды. Әсіресе, бір қуанарлығы мектеп оқушылары жаңа қаріппен терілген оқулықтарын асыға күтуде. Барлығы дерлік «Латын әліпбиін қолданар болсақ бізге ағылшын тілін үйрену әлдеқайда жеңіл болар еді. Онсызда қазір желілерде кириллден гөрі латын әрпімен хат алмасқан оңайырақ» деген пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар, ауыл қызметкерлері К.Мұсаев, Е.Қалдыбеков және А.Жакеевтер де жаңа бастаманы қуана қолдайтындарын, латын қарпімен іс-қағаздар жазуға дайын екендіктерін жеткізді.
Аға буын мен енді ғана бой түзеп келе жатқан жас жеткіншектердің қатар отырып, еркін пікір білдіріп, ой алмасуына бағытталған жиын тартымдылығымен көпшіліктің көңілінен шықты. Басқосу соңында белсенді оқырмандарға алғыс хаттар табысталды. Мұндай маңызды мәселелерге бағытталған шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.