ЖАСТАЙ БЕРГЕН ТӘРБИЕ – ЖАС ШЫБЫҚТЫ ИГЕНДЕЙ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көргелі екінші жылды еңсеріп келеміз. Бұл бағдарламалық мақаланың бір тармағы «Тәрбие және білім» деп аталғаны осы бағытта атқарылатын жұмыстардың ауқымын айқындап тұрғандай. Аталған тақырып, ең алдымен, әл Фарабиден бүгінге жеткен «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзін еске түсірді. Екіншіден, фашистік концлагерьде зардап шеккен қарт ұстаздың жас әріптестеріне жазған хатын ойға оралтты. Хатта «Мен адам баласы көрмеуі тиіс сұмдықтарға куә болдым. Ғалым-инженерлердің газ камераларын құрғанын, жоғары кәсіби білікті дәрігерлердің бейкүнә сәбилерді улап, тәжірибе жасағанын көрдім. Сондықтан, әріптестерім, сіздерден балаларға қандай жағдайда да адам болып қалуға көмектесулеріңізді өтінемін. Олардың арасынан айуан оқымыстылар мен жаттықтырылған баскесерлер шықпауы тиіс» деп жазылыпты. Білім тәрбиемен қатар қанат қаққанда ғана толық адам қалыптасатынын көпжылдық тәжірибемнен түйдім.
«Рухани жаңғыру» – аты айтып тұрғандай, ұдайы жетілдіріліп отыруды қажет ететін, қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған бағдарлама. Кешегі жаңалықты бүгін тарихқа айналдыратын ақпараттық дәуірде өмір сүріп жатқандықтан, мұны қазіргі күннің шындығы деп қабылдаймыз. Соған сәйкес жуырда «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының архитектурасы, сананы жаңғырту шарттары, индикаторлары және көрсеткіштері өзгертілді. Бұл – жобалық технология болғандықтан, оның нақты мақсаты, алынатын нәтижесі бар. Бір реттік шара емес, қоғамдық сананы жетілдірудің күрделі мәселелерін кезең-кезеңмен шешуді ұсынады. Шараларға қатысушы мақсатты топтар айқындалған. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жоспарының негізгі өзегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен ұштасып жатуы керек. «Тәрбие және білім» тармағы арқылы атқарылатын жұмыстардың басқаларға қарағанда көбірек болуы халықтың үштен бірінің мектеп, жоғары және арнаулы оқу орындарының партасында отырғандығынан болса керек. Тағы бір айта кетерлігі, аталған кіші бағдарлама бойынша жұмыс істеу оңтайланды. Тек мұғалімнің интеллекті, баланы сендіре алатын қасиеті болуы керек.
«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы «Туған жер» арнайы жобасы аясында атқарылатын «Өлкетану», «Отаным – тағдырым», «Саналы азамат» кіші жобаларын, «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында «100 жаңа оқулық» кіші жобасын, «Қазақ тілін латын графикасына көшіру» арнайы жобасы аясында латын әліпбиін енгізу кіші жобасын қамтиды.
Осы базалық бағытты іске асырудың тағы да 20 республикалық кіші жобасы бар. Олар арқылы аймақтық жобаларға жол ашылады. Бұл аймақта қолға алынатын істердің ауқымы кеңейе беретінін айғақтаса керек. Бағдарлама бойынша атқарылатын шаралардың мән-мағынасы мен мазмұны, ең алдымен, «Бәсекеге қабілеттілік» принципіне негізделуі тиіс. Өйткені алдына 30 озық елдің қатарына қосылу мақсатын қойған елде жас ұрпақ үздікке ұмтылу, жақсылыққа жету, жаңалықты тиімді қабылдай білу, қатарынан қалыспау тұрғысынан тәрбиеленеді. Бұл ретте «Алтын қазына», «Дарынды ұрпақ – ел болашағы», «Дарындылар елі», «Ұлы бастамаларға алғашқы қадам» сияқты бағыттар белгіленген.
Оқушылардың түрлі деңгейдегі шығармашылық және зияткерлік конкурстарға қатысуы, одан үздік нәтиже көрсетуі жылдан-жылға жоспарлы түрде артуы тиіс. Қазір нақты жоспар бар. Мәселен, 2020 жылға дейін жеңімпаз оқушыларды 20 процентке жеткізу мақсаты айқындалған.
Одан әрі прагматизм принципін орнықтыру үшін «Бизнес», «Ұлы дала жастары», «Мамандықтар әлемі» деп аталатын бағыттар бойынша жұмыс істеу ұсынылып отыр. Балаға бизнестің әліппесін үйрету мектеп партасынан қолға алыну керектігі қазір жаңалық емес. Ал мамандық таңдауға дұрыс бағыт беру бәрінен де биік тұруы тиіс. Зерттеулерге қарағанда, алдағы онжылдықта адам қолымен атқарылатын бірталай жұмысты жасанды интеллект, яғни роботтар жасайтын болады. Сол кезде еңбек нарығының сұранысына сай мамандық таңдаған, болашақтың мамандығына бейімделген адамдар ғана жұмыс табады. Бұл – төртінші индустриялық революцияның жаңа талабы.
Демек мектептен бастап жоғары оқу орындарында түрлі әлеуметтік-экономикалық, бизнес жоспарларды жасау конкурстарына, стартаптарға қатысу, өзін-өзі, ойлау қабілетін жетілдіру, жобалау машығын қалыптастыру қажеттілігі артады. Осылайша прагматикалық қабілеті жетілген балалардың қолында бірнеше оқу орнының грантын жеңіп алғаны туралы сертификаттары болады. Бұл қасиеттер өзінің мүмкіндіктері мен уақытын тиімді пайдалана білетін және болашағына сеніммен қарайтын әрбір жеткіншектің бойынан табылса, ұтылмаймыз.
Сол сияқты «Білімнің салтанат құруы» принципін іске асыру үшін «Ұстаз – өзгерістер елшісі», «100 жаңа оқулық», «Кітап – білім бұлағы» сияқты тармақтар айқындалған. Мұндайда кәсіби бағдарлау, түрлі үйірмелер, салалық, халықаралық гранттарға ие болуға ұмытылыс маңызды. Бұл ұмтылыстың қосымша білім берудің жаңа нысандарын ашу арқылы жүйе қалыптастыруға жетелейтіні сөзсіз. Қазіргі цифрлық технологиялардың даму беталысы, қарқыны ата-ананы да, мұғалімді де, баланы да ойландыруы тиіс.
«Ұлттық кодты сақтау» мәселесінде «Сөз – тілдің көркі», «Латын қарпі», «Менің Отаным – Қазақстан», «Тарих мұрасы», «Алтын адам» сияқты бағыттардың берері мол. Бізде оқушылар арасында түрлі байқаулар өтіп жатады. Олардың әрқайсысының өз шарты бар. Жетіспейтіні – балалардың рухани жағынан дайындығы. Белгілі бір ақынның 100 шығармасын жаттап, судыратып айтып беруімен іс бітпейді. Байқауға дайындық барысында оған қатысушылардан ойға түйгенін, алған тағылымын сұрай бермейді. Болашақта осындай байқаулардың нәтижесі жалаң көрсеткіштермен емес, рухани жетістігімен бағаланса деген ойым бар.
Атқарылуы тиіс шаралардың онлайн тестілеу, жаппай диктант жазу, кітаптар жариялау сияқты формалары арқылы белгілі бір нәтиже көзделіп отыр. Ал өлкетану, туристік және экологиялық іс-шаралар арқылы таным көкжиегін кеңейтуге мән берілмек. Жақында Ақмола облысынан туристік сапарға келген балаларға қасиетті жерлер туралы туристерге арналған тарату материалы болмағаны ойландырды. Бұл болашақта жасалатын жұмысымыздың бағытын одан әрі анықтай түсті.
Мектеп бағдарламасына енген «Өлкетану» пәніне үлкен үміт артылып отыр. Бұл арқылы жас ұрпақтың туған жердің кешегісі мен бүгіні, болашағы туралы таным-түсінігі тереңдей түспек. Осы бағыттағы тағы бір белес – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасында «Теңіз тағдырын толғаған туынды» тақырыбында өткен Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз романы бойынша дебат-сайысы еді. «Соңғы парыз» романын талдау арқылы прагматизм, бәсекелік қабілет пен сананың ашықтығын дамыту, ұлттық бірегейлікті таныта отырып, әлемдік мәдениет көшіндегі қазақ халқының рухани мәдениетін тану мақсаты орындалғанын байқадық.
Жас жеткіншектің дамуына отбасынан бастап қоршаған ортасына дейінгі барлық жағдай әсер етеді. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тағы бір принципі – «Эволюциялық дамудың» «Отбасы», «Балалар мен жасөспірімдер қозғалысын дамыту», «Табиғат бесігі» сияқты жобаларды жүзеге асыру болып табылады. Мәселен, Жаңақорған ауданында ат спорты түрлерін да¬мытуға арналған бастаманы айтқым келеді. Бапкер жас ұрпақты ата-бабадан қалған ат спорты түрлеріне ешкімнің нұсқауынсыз-ақ баулып келеді екен. Атты баптау, жарысқа дайындау, шабандозға арналған методикаға дейін әзірленген. Атқа шапқан баланы қанаттандыру, бойына намыс отын жағу, ең аяғы ат үстінде денесін тік ұстауға дейін баулу – бапкердің жұмысы. Еңбегі қайтқан бапкердің 13 шабандозы – республикалық команданың мүшесі, 1 бапкер – халықаралық төреші. Міне, осындай бүкіл болмысымен өз ісіне берілген жандардың арқасында ұлттық ойындарды жас ұрпақ та ұмытпайды. Аймақ басшысы тарапынан қолдау тапқан жобаның аясында олар 8 ат алды, 4 мұғалімнің еңбекақысын төлеу мәселесі шешілді. Менің ойымша, қазақтың түп-тамырында бар, қанында бүлкілдеп жатқан осындай ерекшеліктерді қайта жаңғыртатын мүмкіндік туды.
«Сананың ашықтығы» принципінің «Өрле, Қазақстан» атты тармаққа бағытталуы «өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болуды меңзейді. Әлемдегі дамыған, өркениетті елдердің ең озық жетістіктерін қабылдай білу адамның зердесіне байланысты. Біздің еліміз әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі болғандықтан, озық елдердегі толеранттылық қағидасы санамызға орнығуы керек. Жас ұрпақтың бағы шығар, қазір олардың өзге елдің салт-дәстүрі мен мәдениетін біліп-тануына мүмкіндік жеткілікті. Сондықтан өзге мәдениетті түсінуге, жаңа заман ағымына бейімделуге, түбегейлі өзгерістерге бой үйретуге, озық мәдени жетістіктерді үйренуге сана әрдайым әзір болуы керек.
Бізде баланың бойындағы академиялық ұтқырлықты дамытуда көп жұмыс қолға алынуы тиіс. Мәселен, бір мектептің оқушысы екінші мектепке барып оқығанда ортаға бейімделуі үшін біраз уақыт кетеді. Сондықтан балаларымызды әлемнің қай түкпірінде жүрсе де бейімделгіш, психологиялық жағынан тұрақты, өзгерістерге дайын етіп тәрбиелеу маңызды. Сонда біздің түлектеріміз «Серпін», «Болашақ», басқа да халықаралық гранттық бағдарламаларға батыл қатысып, олардың талаптарына тез үйренеді. Барған елінің тілін үйренуден бастап, ауа райына, адамдарына, өмір салтына бейімделуінде аса қиындықтар туындамайды.
Бағдарламаны жүзеге асырудағы тағы бір жаңалыққа тоқталсам, ол – тұлғаның «менін» қалыптастыру. Бүгінгі педагогика тұлғатануға бағытталуы керектігі көптен айтылып келеді. Тұлғаның бойына отбасылық, ұйымдастырушылық, азаматтық, жалпыадамзаттық мәдениетті қалай егеміз? Бұл ретте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұсынған тиімді методологияның маңызы зор. Өйткені осы бағдарламаның мақсатты бағыты – мұғалімнің де, білім алушының да мәдениетін жетілдірумен астасып жатыр.
Адамның «мені» отбасынан бастап қалыптасады. Бұл қалыптасудың дұрыс жолмен жүргенін қандай нәтижелермен, көрсеткіштермен бағамдауға болады? Әрине, отбасылық институт нығайып, үйлену мен ажырасу арасындағы баланс сақталмақ. «Қазір елімізде неке қию саны азайып, ажырасу фактілері көбейіп, үйленудің орта жасы ұзарып келеді» дейді статистикалық мәліметтер. Бір деректерде әрбір 3 некенің біреуі айырылысумен аяқталатыны айтылады. Жетім және тастанды балалардың санын азайту да осы отбасылық мәдениетке келіп тіреледі. Мұндай келеңсіздіктер біздің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі отбасылық құндылықтардың қайнарына қайта бас қоюымыз керектігін айқындап берді.
Ұйымдастырушылық мәдениеті қалыптасқан тұлғаның ой еңбегі өнімді келеді. Хакім Абай айтқандай, бойында «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деген жан құмары бар баланың «бетінен қақпай, белін буса», оның алар асуы биік болмақ. Азаматтық мәдениетті қалыптастыруда балаға ең алдымен өзін жақсы көруді, әрбір ісін жоспарлауды үйретудің маңызы зор. Осылайша ішкі еркіндігі қалыптасқан, әлеуметтік таным-түсінігі жетілген бала мемлекетін құрметтеуге, Отанын сүюге, бейбіт өмірді қолдауға, жауапкершілікті сезіне білуге ұмты¬лады.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ашық қоғам құрған біздің еліміз жалпыадамзаттық мәдениет принциптерінен айналып өте алмайды. Ақпаратта, қарым-қатынаста, білімде, мәдениетте шекара жоқ заманда өмір сүріп жатқандықтан, балалардың бойына жақсы мен жаманды, асыл мен жасықты айыра алатын елек қалыптастыру өте маңызды. Әлемнің озық елдерінің өмір дағдысының тиімді тұстарын үйренудің, құқықтық мәдениетке, сауаттылыққа ұмтылып, оны өз өмірінің салтына айналдырудың еш сөкеттігі жоқ.
Енді атқарылуы тиіс шаралардың форматы туралы айтсам, қазір тәрбие процесіндегі бітпейтін «дөңгелек үстелдер» мен ұзақ жиналыстардан жұртшылық шаршады. Өйткені кері байланыс жоқ. Сондықтан пікір, ұсыныстар айтылмайды. Ендігі жерде фильмдер, роликтер, цифрлық жобалар, интерактивті карталар арқылы жетілдіру ұсынылып отыр.
Осы жұмыстардың орындалуы туралы ай сайын ақпарат берілуде. Ондағы деректер формальды болмауы тиіс. Өйткені, ізінше әлеуметтік зерттеу жұмыстары да жүргізіліп келеді. Біздің қолымызда облыс әкімі бекіткен іс-шаралар жоспары, «Жол картасы» бар, желілік кесте жасалады. Тағы бір айтарым, осы бағыттағы бастамаларды тек «Рухани жаңғыру» орталығының жұмысы деген түсініктен арылсақ екен. Ұрпағымызды жастайынан Елбасы ұсынған принциптермен тәрбиелеуге атсалыссақ, жастай берген тәрбие жас шыбықты игендей оңайырақ болар еді.
Әлима ӘБДІХАЛЫҚОВА,
облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы.