ӨНЕГЕМЕН ӨРІЛСЕ ӨМІР-ӨРНЕК

Әлиакбар Монтаев 1923 жылдың 12 қыркүйегінде Шиелі ауданында дүниеге келелі. Ал, 1940 жылы Шиелі қыстағында қазіргі №45 «Ақ Орда» мектеп гимназиясын бітіріп, қанатын қомдап, томағасын енді сыпырған 19 жасында зұлмат соғыстың хабары да елге жетіп, ерлер іріктеледі. Содан 1941 жылы ел басына қара бұлт үйіріліп, мемлекет тұтастығына қауіп төнгенде Әлиакбар Монтаев көппен бірге қолына қаруын ұстап, майдан шебіне аттанады. Сөйтіп соғыс даласындағы алғашқы ұрысы 1942 жылы Сталинград майданына қатысудан басталып кетеді. Генерал Жуковтың Армиясы құрамындағы 77 гвардия дивизиясының 86-ерекше саперлық батальонында әскери борышын өтейді. Қаруын жанына серік еткен жауынгер Беларуссия, Польша елінде, Варшава қаласын, т.б қалаларды азат етуге қатысқан. Мұнан соң, 1943 жылы Мәскеудегі әскери командирлер дайындайтын училищеде әскери білімін жетілдіре отырып, офицер шенін иемденеді. Қайсар мінезімен талай ерлік үлгісін танытқан майдангер ұстаз Жуковтың армиясы қатарында взвод командирі болады.


Иә, бұл жалған дүниеге кім келіп, кім кетпей жатыр. Өмірден озғаннан кейін де халқының жадында жақсы мінезімен, әлеуетті әрекетімен, тындырымды ісімен есте қалу әрбір адамда бола бермейді, бұл – өшпес рухтың көрінісі. Мұндай үлгі «елге еңбек ету парызым» дейтін парасатты тұлғаға тән құбылыс. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, ұстаздың өзі еңбек сіңірген №149 мектепке есімі берілді. Сонымен бірге, білім ошағына бюсті қойылып, мектеп мұражайынан Ә.Монтаевқа арналған бұрыш ұйымдастырылды. Тұтынған заттары мен құжаттары қойылды. Ендігі жерде мектепке қадам басқан әрбір жан өмірін өнегемен өрген жан жайында кең көлемде мәлімет ала алады. Өмір өрнегі өнегемен өрілген осынау жанның тұлғасы жыл өткен сайын биіктей берері хақ дүние.
Дина ЖҮСІПОВА.