ОБЛЫСТЫҚ КІТАПХАНАДА 33 ҚҰНДЫ КІТАПТЫҢ КӨШІРМЕСІ САҚТАУЛЫ
Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық кітапханасында Қызылорда қаласы Қазақстанның тұңғыш астанасы болған 1926-1929 жылдар аралығында баспа көрген 33 кітаптың көшірмесі сақтаулы тұр.
Іргетасы ХІХ ғасырда қаланған Қызылорда облыстық кітапханасының әр жылдарда ұрпақ игілігі жолындағы қызметі саналуан. Бұл кітапхана әу баста 1867 жылы Перевоск қаласында (қазіргі Қызылорда қаласы) Ақмешіт уезінің әскери бекінісінің халқы үшін уездік кітапхана болып ашылған. Бұл жерде біз Сыр ғұламаларының жеке кітапханаларын есепке алмай отырмыз.
Кітапхананы Ресейден революциялық қозғалысқа қатысқаны үшін жер аударылған озық ойлы адамдар ұйымдастырыпты. Оның зиялылар қауым өкілдері мен ауқатты қазақтардың қаржыларынан ұйымдастырылғанын айта кетейік. 1917 жылға дейін қалалық көпшілік кітапхана қызметін атқарған. 1938 жылы Қызылорда өз алдына бөлініп, облыс орталығы болғаннан кейін, облыстық кітапхана қайта құрылды.
Қызылорда облысының 1938 жылы 15 қаңтарында құрылғаны мәлім. Жаңа облыстың құрылуына байланысты мұндағы кітапханаға атақты кеңес жазушысы Максим Горький аты беріліп, Қызылорда облыстық кітапханасы атауы берілген.
Әр жылдарда балалар кітапханасы, жасөспірімдер кітапханасы болған кезде бағытына сәйкес әртүрлі қызмет атқарған. Бір қызығы, Қызылорда астана болған кезде ел үшін маңызды болған бірнеше кітаптар осы кітапханада сақталып қалған. Бұл жөнінде кітапхана директоры Нұржамал Мырзамұратова былай дейді:
– Кітапхана уақыт қажеттілігіне қарай даму кезеңдеріне бейімделіп келеді. Сол кездің саяси өмірінде орын алған тарихи деректер мен ақын-жазушылардың кітаптары толығымен бізге жете қоймаса да, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары қала тарихын зерттеуге барын берген тарихшы-ғалымдардың Қызылорда тарихына қатысты зерттеу материалдары сақтаулы. Мәселен, Қызылорда қаласы Қазақстанның тұңғыш астанасы болған кезде баспадан шыққан 1926-1929 жылдар аралығын қамтитын 33 кітаптың көшірмесі біздің кітапханада сақтаулы тұр. Бұған қоса, біз Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына орай «Жыр арқауы – Қызылорда» атты библиографиялық антологияны оқырманға ұсындық, - дейді кітапхана директоры.
Иә, кітапхана мәдени-ағартушылық мекеме ғана емес, ғасырлар бойы келе жатқан шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Кітапхана баспасөз шығармаларын жинау, сақтау, насихаттаумен, оқырмандарға баспасөз шығармаларын берумен, мәдени-ағарту және ғылыми-көпшілік жұмыстарын ұйымдастырумен шұғылданады. Бұған қоса, мұнда сирек кітаптар қоры бар. Құнды жәдігер саналатын бұл кітаптарда біздің өңірдің, қаланың тарихына қатысты қызықты мәліметтер кездеседі.