ДӘУІТ ӘУЛИЕ
Шиелі ауданы «Ортақшыл» ауылында Дәуіт әулие кесенесі бар. Ел басына барып зиярат етеді, мал шалады. Бірақ оның кім, қай заманның адамы, қандай әулиелік қасиеті бар екенін ешкім дөп басып айта алмайды.
Шиелі перзенті жазушы Оразбек Сәрсенбай өзінің Нартай Бекежанов туралы «Шамшырақ» романында ел аузындағы там-тұм аңыздар негізінде «Дәуіт батыр» деген тақырыппен бір тарау арнаған. Оқиға желісі жазушы қиялымен байытылып, көркем тұрғыда баяндалған хикая бойынша Дәуіт ХІХ ғасырдың орта тұсына дейін, Қоқан билеушілерін Шиелі жерінен орыс әскері ығыстырғанға дейін өмір сүрген Қыпшақтың Торы тармағы ішінде Шағыр әулетінен шыққан батыр.
Ол қоқандықтардан елді азат ету жолында Жөлек маңындағы ұрыста шейіт болған. Оның өлігін іздеп даладан тапқан кезде, осыдан әлденеше тәулік бұрын жантәсілім еткен жігіттің денесі бұзылмақ түгілі – оқиға ыстық шілденің ортасында өтсе де – шекесіне көлденең көгіс дақ та түспепті. Ұзын кірпіктерін жұмып тып-тыныш ұйықтап жатқанға ұқсайды екен. Ең кереметі – жүрегіне найза қадалған жігіттің артынан іздеуші ағайындарына «мен мұндамын» деп дыбыс беруі еді.
Сол арада Дәуіттің сүйегін жерошақтан шығарып алған ағайындары:
– Апырмай, бұл нағыз әулие екен ғой!
– Өліп жатса да, денемді ит-құс қорламасын деп, белгі бергенін қарашы! – деп гуілдетіп әкетеді.
Өстіп қапыда мерт болған есіл ерді артындағы елі азалап жылап жүріп, дарияның жағасына әкеліп арулап көмеді. Кейін басына күмбездеп мазар салдырады. Қазір Дәуіттен тараған ұрпақ ата жұртында аман отыр.
Шиелі жерінде «Қызылқайың» ауылында Бақты ата, «Ботабай» ауылында Қарабура әулие, Құрайыс әулие деген де киелі кісілер бар. Ботабайлықтар өздерінен шыққан қасиет қонған Қаратай, Есіркеп, Әйімбет ахундарды, Сүтен әжені де кие тұтады.
Иә, шиеліліктер Оқшы ата мазаратындағы ғана емес, басқа да қасиетті кісілерді ел мен жердің киесі санайды, ардақ тұтады. Олар ұрпақтарының ісін рухани демейді, шарапатын тигізіп, нұрландырып тұрарды, желеп-жебеп жүреді деп сенеді.