БІЛІМ БЕРУДЕГІ МУЗЕЙДІҢ РӨЛІ
Музей – тарих, музей – тағылым. Мұны Елбасы сөзімен байыптасақ: «Тарихтың тағылымы бізден ел қамын ойлар естілікті тілейді». Ғасырлар бойы жиналған ұлт пен ел игілігі келешек ұрпаққа мұрты бұзылмай, жүйеленіп, айшықталған күйінде жетуге тиіс. Бүгінгі күніміз ертең-ақ тарихқа айналады. Ол тарихта жаңа заманды бастаған серпінді Қазақстанның мәдени талғамы мен парасаты биік көрінуі керек.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынанда «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деп ұлттық кодқа айрықша назар аударады. Ендеше қазақ халқын тәрбиелеп келе жатқан, елдікке ұйытып отырған озық дәстүрін дамытуды жалғастыра беруіміз керек. Осы тұста білім берудегі музейді рөліне тоқталмақпыз.
Осы ғасырдың басында экономикалық қысым әсерінен елімізде мәдениетке жеткілікті көңіл бөлінбеді. Қазақ халқының ұлттық мәдениетіне батыс мәдениеті әсер етіп, қатер төндірген болатын.
Ал қазіргі таңда барлығы басқаша, ғылым, білім, руханият алдыңғы қатарға шығып, ұлттық құндылықтарға ден қойыла бастады. Жастар тәрбиесі мен білімі ел болып көтеретін басты мәселеге айналып, «Жастарды мәдениеттің бастауына қалай алып келеміз, ұлттық құндылықтарға қалай баулимыз?» деген сауал әлі күнге дейін әрбір ұлтжанды ата-ана мен мұғалімнің көкейінде жүргендігі аян. Жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім берудегі өзекті мәселелердің тиімді шешімі музейде жатыр.
Музей – халқымыздың рухани асыл қазыналарын жинақтап, өткен мен бүгінді жалғап отырған ғылыми-мәдени, рухани мекемелердің бірі.
Музей экспонаттары – халық тарихы мен өнерін қамтитын талай замандардың тірі куәлары. Олар халықтың ұзақ ғасырлар бойындағы тірлік-тынысының айқын көрінісі, салт-дәстүрлердің жарқын іздері. Тарих тұңғиығынан сыр тарқататын экспонаттар нағыз көркем өнер туындылары десек, қателеспейміз.
Ендеше, әлемдік мәдениетте адамзаттың ыждаһаттылықпен жинақтап, қастерлеп сақтаған құндылықтарын жастарға (оқушыларға) насихаттай отырып, тарихи білім беру үшін тарихи-мәдени кеңістік – музейге алып келу керек. Өйткені, музей белгілі бір тұлғаны қоғамнан тыс мәдениет әлеміне кіргізіп, биігіне шығарады. Музей келушілердің (оқушылардың) бос уақытын қызықты өткізетін орын ретінде ғана емес, нағыз тарихи айғақтардан тұратын мекеме ретінде білім жүйесіне көмекке келуі қажет. Осылайша, музей мен білім жүйесі бірігіп, адамның рухани байлығы мен тарихи білімін қалыптастыру жолында бір бағытта жұмыс жасауы қажет. Дегенмен, білім жүйесіндегі рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық, тарихи-өлкетану тәрбиесін берудегі тәжірибені музеймен бірлесе отырып жүргізу қазіргі таңда кең өріс алуда.
Музей мен оқу орны арасындағы байланысқа бағытталған білім берудің гуманитарлық жаңалықтарға ұмтылысы ХХІ ғасырдағы білім берудің жаңа парадигмасының негізін құрайды.
Музейлік заттар, яғни құндылықтар белгілі бір оқиғалар мен тұлғалар жөнінде ақпарат беретін дереккөз ретінде экскурсантқа эмоционалды түрде әсер ете алады, өткен шаққа, қолөнершінің әлеміне ойша кіру арқылы сол оқиғаға, кезеңге қатыстылығын сезіне алады. Дәл осы әдіспен бала жүрегіне көпір салып, дұрыс өмірлік бағыт алуына, өмірдің мәңгілік құндылықтарын түсіне білуіне көмектесуге болады. Музей педагогикасының мақсаты да осы. Оқу орны беретін тәрбиенің жалғастырушысы, заттай көрнекіліктермен толықтырушы мәдени-ғылыми ошақтардың бірі – музей. Музей экспонаттары көмегімен тарихи кезеңдерді толық зерттеп, заттай деректермен көрсетіп, әр экспонатты сөйлету арқылы білім мен тәрбиені егіз беру музей педагогикасы болып табылады.
/жалғасы бар/
Әйгерім БЕККУЛИЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі