ШИЕЛІДЕ «САМҒАУ» АТТЫ КОВОРКИНГ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
«Нұр Отан» партиясы «Рухани жаңғыру» шеңберінде бірқатар басмашыл жобаларды қолға алғаны мәлім. Солардың бірі кітапханаларды заман ағымына сай білім орталықтарына айналдыру мақсатында қолға алынған «Қазақстан кітапханалары» партиялық жобасы.
Аталған жоба аясында Шиелі ауданының орталығында оқырмандар мен белсенді азаматтардың басын қосатын коворкинг орталығы ашылды. Онда келушілердің кітап оқып, демалып, өзара пікір алмасып, сонымен қатар көңілді кештер ұйымдастыруға мүмкіндік қарастырылған.
Орталықтың ашылуына жасотандықтар бастамашы болды. Олар жыл басында болған кездесуде аудан жастарының іскерлік кездесулер мен бейресми басқосуларды өткізуіне, әлеуметтік бастамаларды, түрлі жобаларды сарапқа салып, пікір алмасуға арнайы коворкинг орталығы ашылса деген ұсыныс айтты. Партия жобасы аясындағы бұл орталық аудандар арасында алғаш болып бізде қолға алынып отыр.
Енді аудан жастары идеяларды жетілдіріп қана қоймай, ғаламторды пайдаланып кез-келген ақпаратқа қол жеткізеді. Шахмат, дойбы ойнап демалыс уақыттын да тиімді өткізетін болады - деді коворкинг қызметіне сәттілік тілеген аудандық партия филиалының төрағасы, Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы.
Шиелі аудандық кітапханасы жанынан ашылған жаңа орталыққа «Самғау» атауы берілді. Орталықтың ашылу салтанатына келген аудан тұрғындары да балалар болашағы үшін арналып отырған орталықта балаларымыз жан-жақты білімін жетілдіріп, жоғары самғайтын болды деп қуана тарқасты.