АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢДЕГІ АҚМЕШІТ ШАҺАРЫ
Бүгінде сәулеті мен дәулеті келіскен көркем шаһар – Қызылорданың екі ғасырлық мерейтойы ұлан-асыр деңгейде атап өтілуде. Сұлу сырдың бас қаласы – Қызылорданың 200 жылдық мерекесі жексенбі күні Тасбөгет кентінен бастау алды.
Екі ғасырлық тарихы бар шаһардың мерейлі тойы іргедегі Тасбөгет кентінің 70 жылдық қуанышымен қатар келіп отыр. Сырдария өзеніне салынған су тоспасынана басталған кент тарихы турасындағы әңгімелер ел ішінде әлі күнге дейін айталады.
Қашаннан да Сыр өңірінің қалың қазақ үшін орны ерекше. Екі мыңға жуық шақырымды артқа тастайтын сылқым дария Сырдарияның соңғы бөлігінде орын тепкен Қызылорданың іргесі қалай қаланды дегенде, өткеннің шежіресіне үңіліп жүрген ғалымдар сан алуан деректерді біздерге көлденең тартады.
ХІХ ғасырдың бастапқы кезеңдері бұл аймақ үшін тынышсыз болды. Бұл өңірде негізінен қазақтар мекен еткенімен Қоқан хандығының әскері де жиі-жиі бой көрсетіп тұрғанын тарихшылар өз еңбектерінде жазып жүргенін білеміз. Десе де, қаланың құрылу тарихы жайында басқаша жорамал жасап жүргендер де кездеседі.
Бүгінгі Қызылорда қаласының іргесі осы аумақтағы Қамысқала деген елді мекен маңында қаланғаны айтылады. Ақмешіт 1817 жылы Сырдария бойында дарияның сол жағалауына алғаш қорған ретінде салынған. Қорғанның ішінде ақ кірпіштен өрілген мешіт бар екен. Сол мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталған көрінеді.
Тарихқа сәл шегініс жасайтын болсақ, сол кезеңдерде Сыр бойы қазақтары патша үкіметіне номиналды түрде ғана бағынышты болды. Арал теңізіне құятын дарияның жоғары ағысында Қоқан, төменгі ағысында Хиуа хандығы жиі өз шапқыншылықтарын жүргізіп отырды. «Тек қоқандықтар Түркістанды жаулап алғаннан кейін 1814-1817 жылдары осы маңда Шымқорған, Күмісқорған, Жөлек, Жаңақорған бекіністерін салды. Олардың басты орталығы – Ақмешіт бекінісінің іргетасы шамамен 1817 жылдары қалана бастаған екен. Қоқандықтар оны қорған ретінде салды», - деп жазады тарихшылар.
«Бір деректерде Ақмешіт қамалын Қоқанның ханы Омар 1818 жылы салдырыпты» деген мәліметтер айтылады. Қамал салудағы Қоқан ханының мақсаты – Хиуадан, Бұхардан, Самарқаннан Ресейдегі Орынбор, Троицк және басқа қалаларға шығатын «Жібек жолы» бойымен жүретін керуендерді қорғау, Сырдария және «Жібек жолы» бойындағы тұрғындармен сауда-саттық ұйымдастыру болатын.
Бір жылдан кейін, яғни 1818 жылы бұл қорғанды дарияның оң жағына шығарады. Қысқасы, Ақмешіт тоғыз жолдың торабында орын тепкен шаһардың бірі еді. Бекіністі салғанда осы жағы ескерілгенге ұқсайды. Қалай десек те бұл бүгінде еліміздің басты өңірлерінің қатарында саналатын Қызылорданың алғашқы қалыптасу кезеңдері болды. Жергілікті жұртшылық сол бір кезеңдерде қаланың дамуында өзіндік еңбектерін сіңірді.
Сыр өңірі үстінен өтетін керуен жолдары табиғат жағдайы қолайлы жерлермен ғана өтіп қойған жоқ. Сонымен қоса Дариялықтақыр, Арысқұм сияқты құмды, шөлді жерлерді басып өтті. Тарихи дәуірлерде сауда-қатынас аймағы болған керуен жолдары кейінгі орта ғасырларда жорық, саяхат бағытында да қызмет атқарды. Сырдарияны кесіп өтетін керуен жолдарының бір бөлігі көш жолдары ретінде қызмет еткен. Сырдың төменгі ағысы қазақтарының қыстауларының Орынбор және Сібір керуен жолдарының бойында орналасуы, Сырдария өлкесін бірнеше керуен жолдарының кесіп өтетіндігі, бұл өлкедегі сауда ісінің дамуына, керуенбасылық, жүк тасушылық, саудагерлік кәсібінің дамуына өз септігін тигізді. Сырдың төменгі ағысы бойындағы керуен жолдарын өзеннің кесіп өтуі жүк тасушылық кәсіптің дамуын дамыта түсті.
Қазіргі Қызылорда қаласының орнында, дария бойында азды-көпті ауылдар, көшпенділер мекен-жайлары бар екен. Рас, алғашқы кездерде Ақмешіт қамалы кішкентай ғана бірнеше құрастырылған үйлерден тұрыпты. Осы аумақтағы халықтың отырықшылыққа бой үйретуінде Ақмешіттің өз орны бар. Осылайша шағын шаһар бой көтеріп, келешекке көз салып, алға қарай өркендей түсті. Онда көптеген ғимараттар салынып, халыққа қызмет көрсетті.
Бекініс жобасы шаршы, әр қабырғасы 110, саз балшықтан тұрғызылған. Іргелерінің қалыңдығы – 10,5, жоғарғы жағы – 4,36, биіктігі – 12 метр болған. Қабырғаларының жоғарғы жағында оқ атуға ыңғайлы ойықтар жасалған. Бекініс сыртынан ені 10 метр ор қазылған. Ордың алдынан қорғаныс қабырғаларының 2 қатары тұрғызылған.
Бекініс ішінде саз балшықтан салынған 50-ге жуық үй, екі мешіт, медресе, оқ-дәрі қоймалары, құдықтар болған деген деректер айтылады.
Ә. ТАЛАПТАН.