«ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ»
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және Елбасымыздың туған жерді қадірлеу, құрметтеу туралы бастамасынан кейін еліміздің барлық өңірінде «Туған жерге тағзым» атты акция өткені белгілі. Мұндай шара Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлының бастамасымен көктемде Шиелі кентінде ұйымдастырылған болатын. Оған осы өңірінде дүниеге келіп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан белсенді тұлғалар қатысты.
Шараның мақсаты Шиеліден шыққан танымал тұлғалардың жеткен жетістіктерін аймақ жастарына үлгі етіп, оларды туған жеріне қолдау көрсетуге шақыру болған еді.
Сол жолы кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтар мен аудан әкімдігі арасында өзара әріптестік туралы меморандум жасалып, «Туған жер» жобасы жүзеге асырыла бастады. Нәтижесінде меценаттар есебінен бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеріп, өңірге 1 млрд. 750 млн. теңгеден астам қаржы тартылды.
Мемлекеттік және жекешелік әріптестік аясында Шиелі ауданында 5 спорт кешені, 2 медициналық дәрігерлік нысан және 2 жабық бассейн салынуда. Бұған қоса, өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде аталған ауданда 2 жоба жүзеге асырылуда. Оның біріншісі – «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС жобалық құны 64 млрд. теңгені құрайтын жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент шығару зауыты. Екіншісі – «Фирма Балауса» ЖШС Балауса Сауысқандық кен орындағы кварцитті ванадий өңдеу және өндіру зауыты.
Нақты кезеңде осы кәсіпорында 150 адам жұмыспен қамтылған. Аталған кен орнын «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» жобасына сәйкес ағымдағы жылдың соңына дейін 4,5 млрд. теңгеге қаржыландыру жоспарланып, қосымша 110 адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Ауданда «Асылхан» шаруа қожалығының тәулігіне 1 тонна сүт өнімдерін шығаратын шағын цехы, мал сою алаңы іске қосылды. «Аруана» шұбат цехы биылғы мамыр айынан бастап түйе сүтінен балмұздақ шығару жобасын жүзеге асыруда.
Кәсіпкер А.Әбдіқадырова отандық өндіріспен айналысуды мақсат етіп, нан өнімдерін өндіретін кондитер цехын ашты. Мұнан бөлек кәсіпкердің құрылыс заттары дүкені мен пластик есік-терезе жасау цехы халыққа қызмет көрсетуде. Мектепке дейінгі балалар тəрбиесімен айналысуды мақсат еткен іскер жан 50 балаға арналған жеке балабақша да ашты. Қазіргі таңда 20 адамды тұрақты, 15 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр.
«Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д.Жұмбеков Ақмая ауылының жастарына өзінің қаражатымен 70 миллион теңге көлемінде спорт кешенін тұрғызып, қолданысқа берді. Б.Әшірбеков мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында амбулатория салып берсе, Бегман Қауас жабық бассейн құрылысын бастады.
Е.Машрапин Жуантөбе ауылының жастарына өзінің қаражатымен 42 миллион теңгеге спорт кешенін тұрғызып, пайдалануға берді. Ал белгілі қаламгер, «Айқын» газетінің редакторы Н.Жүсіп жергілікті журналистерді тағылымдамадан өткізуді қолға алуда.
Шиелі аудандық мәслихатының депутаты, «Cемізбай-U» ЖШС «Иіркөл» филиалы директоры М.Салқынбаев аудан халқы демалатын демалыс саябағын салып берді. Археолог М.Елеуов тарихи жәдігерлерді Шиелі аудандық тарихи өлкетану музейіне өткізіп, музей қорының толығуына ықпалын тигізді.
«Төңкеріс-К» шаруа қожалығының төрағасы Б.Көпеевтің демеушілігімен Төңкеріс ауылында спорт кешені салынып жатыр.
Жобалық құны 9 млн. 400 мың теңге болатын медициналық пункттер Тартоғай ауылдық округіне қарасты 2-ші ферма және Ортақшыл ауылдық округіне қарасты Қызылқайың елді мекендерінен халық игілігіне берілсе, жергілікті азаматтардың демеушілігімен Жөлек, Бестам, Тұрсынбай датқа ауылдарында спорт кешендері салыну жоспарланған.
Сонымен қатар, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев «Шиелі ауданы бойынша мұғалімдер мен оқушыларға математика пәнінен жылына 2 рет семинар тренинг өткізу» жобасы бойынша, жеке кәсіпкер Ж.Жаниязова «Шиелі кентіндегі «Кids park» балаларға арналған ойын орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін қызмет көрсетуді жүзеге асыру» жобасы бойынша жұмыс жасауда.
Сонымен бірге, жеке кәсіпкерлер есебінен Шиелі кентінен 6 сквер салу жоспарланып отыр.