ҚОҚАН БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ СЫР ӨҢІРІ (АҚМЕШІТ БЕКІНІСІ)
Орта Азия хандықтарының ішінде Хиуа, Қоқан хандықтары заманында Сырдария өзенінің орта ағысындағы жерлерге өз билігін жүргізді. Қоқан хандығының құрылу үрдісі ХҮІІІ ғасырдың басында Ферғана аңғарында басталып, ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде Әлім хан және Омар хан тұсында аяқталды.
Ерлігімен танылған қазақ-қырғыз батырлары Қоқан хандығы әскерінің құрамында қызмет етті. Бұл туралы ХІХ ғасырда өмір сүрген белгілі тарихшы Қ. Халид өзінің «Тауарих-хамса» атты шығармасында «Әуелі Әлім хан, соңынан Омар хан үш еркектің бірі әскер болуға тиіс деп жар салып, «үштің бірі ханың» деген сөз осыдан қалған. Мұнан бұрынғылар әскерге өз еркімен жазылып, қазынадан маяна (төлем) алатын болған. Қоқандықтар қажет кезде қазақтардың басшыларына шапан жауып, жігіттеріне ат-құрал беріп, «қыл-құйрық» етіп тағайындайтын болатын.
«Қылқұйрық» деп атқа мінуге жарамды еркектердің бәрін жаппай майданға шығаруды атаған. Сондықтан да қоқандықтардың соғыс жүргізу әдісі де қазақтарға етене таныс болды. Бұл жағдай қазақ-қоқан қарым-қатынасында оң рөл атқарды. Қоқандықтарға ыңғай танытқан қазақтардың көбі оларды қыпшақтар - бауырлас, өзімізбен түбі бір халық деп таныды. Қыпшақтар Қоқан хандығының саяси өмірінде маңызды рөл атқарды.
Венгриялық саяхатшы Вамбери 80 жыл бойы хандықтағы биліктің тұтқасын ұстағанын және билік басындағылар өздерінің түп атасын Шыңғысханнан тарататынын жазады. Қоқандық тарихшы Мырзоолим Мушриф өзінің «Қоқан хандығының тарихында» Қыпшақтардың Шерәлі ханды, Құдияр ханды, Болат ханды ақ киізге отырғызып, хан көтергенін жазады.
Мушрифтің «Киіз туырлықтылар бас көтерді, бүлік салды, қырғыз-қыпшақ үкіметке дау шығарды - деген өлең жолдары да қыпшақтардың көшпелі елді біріктіруге, өздерін қолдауға шақырғанда Шыңғыс ханның «Киіз туырлықты бірігіңдер» деген әйгілі ұранын ұтымды пайдалана білгенге ұқсайды. ХҮІІІ ғасырда болған Бұхарадағы лаң (бүлік) кезінде және жоңғарлар шабулына байланысты Ферғанаға жер ауып келген, дұшпандардан қорғану мақсатында Ферғана алқабында әртүрлі этникалық топтар қоныстанды. Соның ішінде сан жағынан өте көп болған (250 мыңға таяу) қыпшақтардың есебінен өзбектердің саны арта түсті. Шындығында, әдеп-ғұрпы, шаруашылық кәсібі жағынан Ферғана қыпшақтары өзбек, тәжіктерге қарағанда, қазақтар мен қырғыздарға жақындау болатын.
Қоқандар қазақ даласын негізінен датқалар арқылы басқарды. Датқалар институты, атап-айтқанда, қоқандық дәуірде датқа шенін алған қазақтар туралы әлі күнге дейін арнайы зерттеу жүргізілмей жатқандықтан, қазақта барлығы қанша датқа болған және кімдер болған деген сауалға дәл жауап беру мүмкін емес.
Дегенмен де әртүрлі деректер мен материалдар қазақ датқалары туралы мол мәліметтер береді. Қазақстанның оңтүстігінде, соның ішінде Сыр бойында датқа шенімен белгілі болғандар қатарында бірқатар белгілі тұлғалар бар.
Мәселен, Ұлы жүзден Байзақ датқа, Батырбек датқа, Бекбау датқа, Орта жүзден Тұрғанбай датқа Сіргебайұлы, Торғай датқа, Досбол датқа, Тұрсынбай датқа және тағы басқалар.
Қоқан хандығында датқа дәрежесін алғандар саяси ахуалдар ағысына қарай әкімшілік қызметке де, әскери қызметке де араласып отырған. Сондықтан да орыс оқымыстылары датқаны генералға, генерал-губернаторға тең лауазым деп ұққан. Датқалар Қоқан ханынан жылына 700 батман (орыстың 4 пудына тең, 1 пуд, 16,3 кг тең) астық, 1000 теңге ақшалай сыйақы алатын болған.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Әлімхан, Омар хан және Мұхамед Әли басқарған тұста Қоқан хандығы нығайып, аумағы ұлғайды. Олар, Ташкент, Ходжент, Қаратегін, Дарбаза, Куляб, Памирді өзіне бағындырды.
Ал Сыр бойында қоқандықтар Жаңақорған, Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған, Бөрібай бекіністерін салдырды. Солардың ішінде ең ірісі Ақмешіт бекінісі болды.
Ақмешіт қазақтардың айтуы бойынша, 1817 жылы Сырдың сол жағалауында, кейін 1818 жылы оң жағалауына көшірілді. Бекініс екі қорғанмен қоршалды. Сыртқы қорғанның аумағы 12 шақырымға созылып жатты, биіктігі 7 аршын, 3 қақпасы болған. Сонымен сыртқы қорған тереңдігі 7 футтық, екі сажын суға толған ормен қоршалды. Ішкі қорған төртбұрышты етіп салынған, аумағы 1 шақырым, биіктігі 12 аршын, бір қақпасы болды.
Бларамберг бекіністің Ақмешіт деп аталуы бекініс ішіндегі мешітке байланысты деп жазады. Ақмешіт бекінісінің ішінде 450-ге жуық қазақ үйлері болған. Бекіністе үш жүздің қазақтары тұрды, негізгі бөлігі жаппас, алтын бағаналы, табын керей руынан еді. Ішкі қорғанда 50-ге жуық саздан соғылған үйлер болған, оларда Ақмешіт бегі және 150-ге жуық түркімендер мен сарттар тұрған.
Ақмешіт бекінісі Ташкент, Бұхара, Хиуадан шыққан керуендер Торғай және Троицк, Атбасар, Батыс Сібірге баратын керуен жолында тұрған үлкен қамалға айналды. Қоқан хандығына Ақмешіт және басқа бекіністер төңірегінде көшіп-қонып жүрген қазақтардың әр отбасысы 6 қой, 24 қап көмір, 4 өгіз арба сексеуіл, 1000 бау қамысты салық ретінде тапсыруға міндетті болды.
Ақмешіт бекінісі – Ташкент, Бұхара, Хиуадан Торғай және Тройск, Атбасар, Батыс Сібірге баратын керуен жолында тұрған үлкен қамал болатын. Қоқандықтар Ақмешіттік керуендерден салық жинап, жергілікті қазақтардан зекет алатын бекініске айналды.
/жалғасы бар/
Кенже АХМЕТОВА,
Ақмешіт музей филиалының
меңгерушісі