ЕСАБЫЗ ӘУЛИЕ
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің тарихын, тау-тасын, өзен-көлін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» деген еді.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңінде облысымыздан енген 12 тарихи-мәдени ескертікіштің қатарында «Оқшы ата» мазараты да бар. Өйткені, аталған қоырм Сыр өңіріндегі киелі орындардың бірінен саналады. Оқшы ата мазараты күре жолдың бойында орналасқан. Оны халық кейде «жеті әулие» деп те атайды. Аталған мазаратта 7 әулие байыз тапқан. Олар – Оқшы ата, Асан ата, Ғайып (Қайып) ата, Қыш ата, Кітап ата, Қабыл ата және Есабыз әулие. Біз бұған дейін оқырмандарымызға Оқшы ата, Асан ата, Ғайып ата, Қыш ата және Кітап ата туралы мақалалар сериясын ұсындық. Бүгін Есабыз әулие жайлы айтамыз.
Есабыздың киелі, халыққа танымал болғандығының бір белгісі – басына тұрғызылған еңселі кесене. Аталған мазаратта Асан ата, Оқшы ата кесенелерінен кейінгі елеулі ескерткіш осы Есабыз әулиеге орнатылған.
Есабыз әулиенің заманы қай тұс екені жөнінде нақты дерек жоқтың қасы.
Есабыз әулие туралы бір-біріне қарама-қайшы екі пікір бар. Соның біріншісі – әулиені Оқшының заманында ХІ ғасырда тіршілік еткен, жасы одан кіші болған деседі. Бірақ, ол туралы ел аузындағы әңгімелердің басқа әулиелерге қарағанда осы күнге егжей-тегжейлі күйде жетуі және оның түп-тұқиянына дейін белгілі болуы оның тым бергі уақытта өмір сүргенін аңғартады.
Шежіре таратар болсақ, Есабыз әулие Қара Қыпшақтың Торы, одан Әлпейіс, одан Түйшіке, одан Қойбар, одан Көзей, одан Абыз аталығына жатады. Енді Есабыз туралы аңызға келсек, ол кісінің жасы Оқшыдан кіші екен. Әулиелермен, әруақтармен тілдесетін қасиеті болған көрінеді. Бір күні Оқшы ата Есабызға аян беріп:
– Пәниліктен бақилыққа өткеніңде менің қасыма кел, қатар жатамыз, – дейді.
Есабыз айтады:
– Сіздің сұсыңыз басым, менің иім жұмсақ, тілек тілеп келгендердің көңілін жықпаймын, жараспай қаламыз ба деп қиналамын.
– Алаң болма, біздің атымызды атап келгендердің тілеуін Алладан бірге сұраймыз, – депті.
Содан Есабыз сырқаттанады. Жаз мезгілі екен. Көңілін сұрай келгендерге:
– Көп ұзамай дүниеден өтемін. Мені Оқшының жанына апарып жерлеңдер, – деп өсиет айтады.
Келген ағайын дағдарып:
– Оқшы ата күншілік жер, күн болса ыстық. Сізді қалай жеткіземіз? – дейді.
Сонда Есабыз:
– Мен көз жұмған күні көлік өзі келеді, қам жемеңдер, қиналмайсыңдар, – дейді.
Қырық күн шілденің аптап ыстығында Есабыз дүниеден өтеді. Айтқандайын, ақ сәлделі, ақ киімді, ақ түйе жетектеген бір кісі келеді. Ел-жұрт киіз үйдің керегесін табыт қылып, мәйітті жайластырады. Кереге табытты түйенің үстіне қойғанда, ол байламай-ақ тұрып қалған екен.
Қазашылар мәйітті алып жолға шыққанда бір үйдің аумағындай бұлт үйіріліп, Есабыздың үстіне көлеңке болып, бүкіл жол бойы ереді де жүреді. Жолға шыққандар Оқшы ата қорымына қиналмай жетіпті.
Түйені шөгеріп, табытты жерге қойғаннан кейін әлгі түйелі кісі жоқ болып кетіпті. Бұл Есабызды өзінің қасына алып келген Оқшының рухы деседі.
Есабыздың жалғыз қызы болған екен, сол қызынан өрбіген ұрпақ осы күнде Шиелі ауданында бар. Ұрпақтың бір өкілі, қызынан өрбіген Досман ақсақал 1991 жылы 108 жасында «Бестам» ауылында қайтыс болды, оның бала-шағасы сонда тұрады. Ауыл мешіті Досман қажы атында.
Көне көз қариялардың айтуынша, киелі Есабыз атамыздың халқына тигізген пайдасы көп болған. «Кім мені есіне алып, атымды атаса, сол менің балам, соның жебеушісімін. Келіндерім «Көзді ата» деп сиынса, тілегені болады» дейді екен.