САҚ ӨРКЕНИЕТІНІҢ АЛТЫН ӘШЕКЕЙЛЕРІ МУЗЕЙДЕ
Қызылорда облыстық музейінде жағымды жаңалық. Музей қоры сақ дәуірінің сары алтындарымен толықты. Қарасаң көз тоймайтын, ұстауға қолың бармайтын алтын әшекейлер көздің жауын алып, қызметкерлерді ерекше сезімге бөлегені рас.
Екі жағы алтынмен қапталған үлкен моншақ пен әр түрлі алтындар тізбегі сақ дәуірінің сұлулық символы дерсіз, ал қызғалдақ пішінді мойын алқа мен түтікше алтындарды сақ патшайымы Тұмар ханымның өзі таққандай әсерде қалдық. Шірік-Рабат қалашығына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған 201 алтын «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімі қызметкерлері тарапынан зерттеліп, музей экспозициясынан лайықты орнын күтуде.
Сыр бойындағы Шірік-Рабат қаласының орны ежелгі сақ қоғамынан қалған тарихи орын болып табылады. Көне қала Ұлы Жібек жолының бойында, ескі Жаңадария арнасы жанындағы төбеде орналасқан. Заманында Шірік-Рабат шаһары Хорезм, Парсы елдерінің шекаралық бекінісі болған.
Хорезм экспедициясынан соң Шірік-Рабат қаласындағы археологиялық жұмыстар Елбасы қолдауымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2004 жылы қайтадан қолға алынды. Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институт директорының орынбасары, Орталық Қазақстан экспедициясының жетекшісі Жолдасбек Құрманқұлов басқарған Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы 10 жылдан бері Шірік-Рабаттың қала жұрты мен оның айналасындағы ескерткіштерге барлау, қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.
Осыған сәйкес, 2013 жылы облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен облыстың тарихи, мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңесі құрылып, осы кеңестің шешімімен Сыр бойындағы ортағасырлық қалалар мен сақ дәуірінің ескерткіші Шірік-Рабат қалаларында жұмыстар жүргізуге қолдау жасалды. Археолог ғалымдар көне шаһарлардың бізге беймәлім қырларын ашып, әлі де қазба жұмыстарын жүргізу үстінде.
Қызылорда облысы аумағындағы тарихи-мәдени мұраны зерттеу және қорғау, археология және этнография салалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу және тарихи құндылықтарды Қазақстан халқына насихаттау барысында, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органның 1992 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 40-бабына сәйкес, 2017 жылғы Шірік-Рабат қалашығынан табылған археологиялық материалдар мен олжаларды облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімі қызметкерлеріне тапсырғаны жөнінде акт жасалды.
Алтындармен бірге сүйектен жасалған қасық, қоладан жасалған қоңырау, қыштан жасалған шырағдан, майда моншақтар тізбегі, қыш құмыра, тастан жасалған шырағдан, барлығы 333 дана басқа да археологиялық материалдар тапсырылды. Осылайша, облыстық музей қоры барлығы 534 құнды экспонатпен толықты.
Музей қызметкерлері шежірелі тарихты келер ұрпаққа аманаттауды көздің қарашығындай сақтап, қорғап насихаттауды өздеріне асқақ абырой, асыл парыз санайды.
Г.УТЕБАЕВА,
Қызылорда облыстық музейі «Археология және этнография» бөлімінің ғылыми қызметкері