СЫР ӨҢІРІНДЕГІ «ҚАҒБА» АҢЫЗЫ
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтарын халық санасына сіңірудің ерекше маңыздылығын айтып өтті. Осыған орай, қазақ халқының тарихынан елеулі орын алатын Қазақстанның қасиетті орындарын анықтап, оның тізімін жасауды қолға алып зерттеу - жинақтау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нәтижесінде Қазақстанның 100 қасиетті орны мен кешендерінің тізімдері анықталды. Соның ішінде Сыр өңірінен 12 нысан Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілді. Солардың бірі - Қорасан Ата кесенесі.
Қорасан ата кесенесі туралы жазылған тарихи және аңыздық деректер көптеп кездеседі. Халық арасында қызығушылық тудыратын, қасиеті дара орындардың бірі - Қорасан ата кесенесі аумағындағы «Қағбаның» көшірмесі. Қағба «Сыр еліне қалай келді?» деген сұраққа халық аузында сақталған ертедегі аңыз әңгіме жауап береді.
Қорасан атаның баласы ғұлама имам болған екен. Әкесі Қорасан әр жұмада «Тотықұс» аралынан Ақмаямен желдей ұшып, Меккеге барып Бамдат намазын өтеп қайтатын болған-ды. Осыны сезген Хусаин әкесіне: «Рұқсат етіңіз, Меккедегі Қағбаны осында көшіріп әкелейін», - депті. Таң намазының уақытында аспанды қара бұлт басып алай-дүлей желдетіп, ит үріп, тауық шақырып, түйе боздап, ауыл у-шу болыпты. Меккедегі Қағбаны баласының құранның қасиетті сөздерінің күшімен алып келе жатқанын байқайды. Сонда баб: «Балам сені сынайын деп едім, іліміңе сендім. Жерге түсірме, Қағбаның көлеңкесін сызып алайын, өзін қайта орнына апарып қой. Бұл жерде аяқ асты болады. Өз орнында тұрғаны дұрыс», - дейді. Қағбаның сол сызып алынған көлеңкесі орнына топырақ үйіліп, ұзамай оның көшірмесі жаңадан салынады. Меккеге бара алмаған адам Құрбан айт намазында сол Қағбаны жеті рет айналып өтетін болған. Дегенмен, бұл тарихи дерек емес ауыздан-ауызға тараған аңыз - әфсана екенін баса айтқымыз келеді.
1995 жылы Қорасан атаның 1100 жылдығына орай кесенеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кесене және қағба қайта жаңғыртудан өтті. Қағба көшірмесідүниенің төрт бұрышына қарап тұрғызылған, қабырғалары 6,5х6,5 метр, биіктігі 5 метр шамасында, яғни шаршы формасында салынған. Қағбаның ішінде бабаларымыздың қолының табы қалған ертедегі қабырғалардың қирандысы сақталған.
Қазір Қағбаның ішінде VІІ-VІІІ ғасырлардан қалған тастар қойылған. «Тасқа қолыңды қойып, ең үлкен арманын айтқан адамның тілегі орындалады» деген халық арасында сенім бар.Қорасан ата кесенесі және Қағба - қазіргі таңда халықтың зиярат ететінорны. Қағба жанындағы емдік қасиеті бар құдық суы дертке шалдыққан адамдардың шипасына айналды. Аллаға құлшылық ететін намазхана да келушілерге қызмет етуде. Киелі орынның инфраструктурасы жақсы дамыған. Келешекте бұл аумақ туристік нүктеге айналуы мүмкін. Қағба көшірмесінің ішіне кіретін есігі солтүстік шығысқа қараған. Ішке кіре берісте ғибадат етуші еденіне жайнамаз төсемей-ақ, дүниенің төрт бұрышының кез келген бағытына намаз оқыса да, Меккедегі оқыған намаздың сауабын табады деседі.
Қожа Ахмет Ясауи Қорасан атаға зиярат ете келгенде: «Тоқсан машайықты артыңнан көрдім, Қағбаны Мәккәні алдыңда көрдім, Рахым ете гөр, бабам Қорасан», - деп хикметіне қосып айтқанда, осы қасиетті орынды меңзеген болуы керек дейді халық арасындағы аңыз әңгімелер.
Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы "Рухани қазына" кіші бағдарламасындағы "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасы аясында Қызылорда облыстық музейі тарихшылар мен өлкетанушылардыңоблыстық форумын 2018 жылдың сәуір айында өткізген болатын. Форумдақабылданған іс-шаралар жоспарына сәйкес Қызылорда облыстық музейі БАҚ өкілдерімен бірлесе Сыр өңірінің шығыс бөлігіне «Сыр өңірінің қасиетті орындары" атты телеэкспедиция ұйымдастырды. Өңірдің шығыс бөлігінде орналасқан қасиетті нысандардың ішінде Қорасан ата кесенесі және оның аумағындағы қасиетті орындар зерттеліп, насихатталды. Нәтижесінде қасиетті орындар туралы бейнефильмдер түсіріліп, олар туралы зерттеулер ғылыми айналымға түсті.
Гүлжанар ОРАЗАЛИЕВА,
Қызылорда облыстық музейі «Археология және этнография» ғылыми- зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері