ЖЫРЛАРЫН ӨЛЕҢ СӨЗБЕН КӨРКЕМ ЕТКЕН

Халық ақынын ұмытпайды. Қазалы ауданы, Қожабақы ауылындағы мәдениет үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында халық ақыны Байназар Өтепұлының 115 жылдық мерейтойы аталып өтті. «Жырларын өлең сөзбен көркем еткен» атты аймақтық ақындар айтысы өтті.
Байназар Өтепұлы ұмытыла бастаған қазақтың айтыс өнерін дамытып, хат арқылы жазба айтысты жандандырған жаңашыл ақынның бірі. Ол облыс көлемінде бірнеше ақынмен жазбаша айтыс ұйымдастырады. Ақынның кейбір айтыстары жергілікті басылымдарда жарияланып отырған.

Б.Өтеповтің соғыс жылдары жазған бірқатар жырлары Қазалы аудандық «Большевиктік колхоз үшін» газетінде жарияланды. Адал еңбек етіп, саналы ұрпақ тәрбиелеген ақын 1984 жылы өмірден озды.
Шара басында Аранды ауылдық округі әкімі Қожахмет Мүбәракұлы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Лайық Айгүл айтысқа қатысушы талапкерлерге сәттілік тіледі.
Сыр өңірінің мәдениеті мен өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын марқұм Жетіскен Мәкеналының бастауымен, Жасталап Оңдабаевтың жетекшілігімен Қожабақы ауылдық мәдениет үйі жанынан ашылған Байназар Өтепұлы атындағы жыр-терме мектебінің шәкірттері «Ақынға арнау» термесін орындап, сайыс шымылдығын түрді.
Ақындар айтысын дәстүрлі әнші, ақын, Майдакөл ауылдық клубының меңгерушісі Ағырай Ермекбай жүргізді. Ақындардың өнеріне қазылар алқасының төрағасы, белгілі айтыскер ақын, Арал ауданы жыраулар үйінің жетекшісі, термеші, жыршы Айбек Тәңірбергенов, ақын Әмірхан Қанайұлы, Ақтан батыр ауылынан келген жас ақын Ақжол Түменбаев төрелік жасады.
Байқаудың бас жүлдесін өркендеулік Нұрзат Қару жеңіп алды. Ал бірінші орын Арал ауданынан келген Бексұлтан Орынбасаровқа, екінші орын қожабақылық Аманкелді Тоқтарға, келесі жүлделі орын Майдакөл ауылынан қатысқан Әбдіхан Бекзатқа бұйырды.
Қалған ақындар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Ең жас ақын майдакөлдік Есебай Өміртай көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, «көрермен көзайымы» номинациясын атанды.
Айта кетейік, шараның жоғары деңгейде өтуіне Аранды ауылдық округіндегі барша мекеме ұжымдары бірауыздан атсалысты.
Айтыстың өтуіне «Агро-Өркен» серіктестігінің инвесторы, жеке кәсіпкер Мерей Есқожаев, аудандық мәдениет үйінің директоры Кемеңгер Өтеп, Аранды ауылдық округі әкімі Қожахмет Қуанғали, «Кішкене ата» өндірістік кооперативінің төрағасы Мұхамеддин Тілеуқабылов, Қожабақы ауылдық мәдениет үйінің директоры Қаламқас Сабитова және ақынның қызы Қасиет Өтепова демеушілік жасады.