МӘДЕНИЕТ САЛАСЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРДЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Мәдени саясат – қоғамның негізгі құндылықты бағыттары мен тұлғаның жасампаз бастамасын қалыптастыратын әрбір дамыған мемлекеттің басты идеологиялық тұғырнамасы.
Осыған орай Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған елдің мәдени саясаты дамуының ұзақ мерзімді тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту» туралы нақты міндет қойды.
Елбасының 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген тұжырымдамалық құжат бүгінде еліміздегі мәдениет саласын дамыту мақсатында мәдени саясаттың жалпы тәсілдері мен негізгі қағидаттарын және оның басым бағыттарын айқындап отыр.
Қызылордада «Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің мүшелері мемлекеттік және ҮЕҰ, белсенді жастар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен осы бағыттағы жұмыстарды саралады.
Жалпы, күн тәртібіне сәйкес алдымен өңірдегі халыққа мәдени қызмет көрсететін мәдениет және өнер мекемелерінің жағдайын баяндау үшін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов хабарлама жасады.
Ол мәдениет кластерлерін дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Оның айтуынша, «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластері бойынша Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды ескерткіш кешені толықтай жаңғыртудан өтіп, туристік нысанды бүгінгі күні халықаралық туристік маршрутқа енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Бұған қоса, облыстық тарихи-өлкетану музейіне жөндеу-реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп, музей заманауи үлгіде толығымен қайта жабдықталған. Сонымен қатар, өңірдегі 9 ескерткіш – Сығанақ, Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-рабат, Бәбіш-мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениеті ескеркіштері және Сауысқандық петроглифтері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын-ала тізіміне енгізілді.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі бойынша облыс көлеміндегі 12 ескерткіш «Жалпыұлттық қасиетті нысандар», 35 нысан «Өңірлік қасиетті нысандар» кітаптарына жүктелді, - деді Әділбек Ерсұлтанов.
Жиында «Нұр Отан» партиясының жаңа бастамашыл жобаларының бірі – «Қазақстан кітапханалары» партиялық жобасы аясында облыс кітапханаларының заманауи талаптарға сәйкес ақпараттық қызмет көрсету мәселесі де сөз болды.
Бұл бағытта облыстық Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана директоры, аймақтық «Мирас» кеңесінің мүшесі Нұржамал Мырзамұратова хабарлама жасап,атқарылған жұмыстарды жан-жақты жеткізді.
– Бүгінде кітапхана заманауи жабдықпен жабдықталған барлық қажетті іскерлік кездесулер, шеберлік сабақтар өткізуге ыңғайлы қарым-қатынас орталығына айналуда. Осындай жайлы ақпараттық орта қалыптастыру мақсатында облыстық кітапханада «Коворкинг» орталығы ашылды. Осы жылы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты бірқатар аудандық, ауылдық кітапханаларда коворкинг орталығын ашу жоспарланып отыр. Ауылдық онлайн-орталықтың жаңалықтарымен танысуға мүмкіндік беретін «Қызылорда даусы» мобильді қосымшасы іске қосылды. Енді оқырмандар «Қызылорда даусы» мобильді қосымшасын смартфонға Play Market арқылы жүктеп, танысуға мүмкіндігі бар, - деді Нұржамал Мырзамұратова.
Кеңес мүшелері тақырыпқа орай қордаланған мәселелерді алға тартып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.Онда, қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын және жазушы, қоғам, мемлекет қайраткерлері Бейімбет Майлин мен Сәкен Сейфуллиннің алғаш шығармашылық үй жайлары орналасқан аумаққа кейінгі ұрпаққа ақпарат беретін арнайы ескерткіш тақта орнату, кітапханаға оқырмандарды шоғырландыру, жас ұрпақты кітап оқуға тәрбиелеу, мәдени ескерткіштерді қатаң қорғау секілді түрлі ұсыныстар талқыланып, жұмысты жетілдіруге жұмыс жасау керектігі айтылды.