«AMANAI AND ZAMANAI» РОМАНЫ АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ ЖАРИЯЛАНДЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы: «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген қағидасы бүгінде бүкіл еліміз бойынша руханият саласындағы жұмыстарға елеулі серпін беруде.
Қазақтың халық жазушысы, сөз зергері Ғабит Мүсірепов айтып өткендей, «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алмайды». Осы орайда еліміздің мәдениеті мен рухани құндылықтарын әдебиет пен өнер арқылы насихаттау мақсатында түрлі шаралар қолға алынғаны қуантады.
Жуырда М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Лондон қаласында ағылшын тілінде жарыққа шыққан көрнекті қазақ жазушысы Сәкен Жүнісовтың «Amanai and Zamanai» романына арналған конференция өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани Қазына» кіші бағдарламасына қатысты «Заманауи әлемдегі заманауи қазақ мәдениеті» арнайы жобасы аясында ұйымдастырылған шараға Ақмола облысының әкімі қолдау көрсеткенін атап өткен жөн. Өздеріңіз білетіндей, «Заманауи әлемдегі заманауи қазақ мәдениеті» арнайы жобасы еліміздегі әдебиет әлемінде жарық көрген кітаптардың көрсетілімін ұсыну және мәдениетіміздегі маңызды да көрнекі еңбектерді шетел тіліне аудару арқылы белді авторларымыздың шығармашылықтарын насихаттауға негізделеді.
Халықаралық қазақ ПЕН-клубы (президенті Бигелді Ғабдуллин) жиынның ұйымдастырушысы болды. Айта кетейік, Қазақ ПЕН-клубы еліміздің шығармашылық өкілдерінің өзара ынтымақтастығын арттыру, қазақ мәдениеті мен әдебиетін әлемдік әдеби қауымдастыққа көрсету, жас буынға шығармашылық арқылы тәлім-тәрбие беру мақсатында 1993 жылы құрылды. Қазақстандағы өз ісінің хас шеберлері саналатын әдебиетшілер мен журналистерді біріктіретін Қазақ ПЕН-клубы бүкіләлемдік жазушылар қауымдастығының, соның ішінде Халықаралық ПЕН-клубтың мүшесі болып табылады. Бүгінде Қазақ ПЕН-клубы ЮНЕСКО және БҰҰ секілді беделді халықаралық ұйымдарда өзіндік мәртебеге ие.
Соңғы уақытта Халықаралық қазақ ПЕН-клубы Лондон және Нью-Йорк қалаларында қазақ классиктерінің 10-ға жуық шығармаларын аударып, жариялаған. Аталған шығармалардың ішінде Мұқағали Мақатаевтың «Таңдаулылары», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесі, Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», Олжас Сүлейменовтың «Сөз коды» романдары, Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы, Герольд Бельгердің «Таңдаулылары», Мұхтар Әуезовтың «Қаралы сұлуы» бар. Бұл туындылар «Біз - қазақпыз...» топтамасы бойынша жариялануда.
Көркем шығармаларды ағылшын тіліне аудару жұмыстарымен аударма ісінің шеберлері Саймон Гейган және Саймон Холлингсворт айналысты. Олар конференция жұмысына қатысу үшін елімізге Лондоннан арнайы келді.
Тыңдаушылар үшін аудармашылардың өзінен аударма ісінің шығармашылық жай-күйі, авторлардың стилі мен рухани ізденістері туралы ақпарат алу қызықты болды. Сонымен қатар, конференцияға қатысушылар суретшілердің адамзат пен қоғамның алдындағы жауапкершілігіне қатысты өзекті мәселелерді қамтыды.
Әзірге «Amanai and Zamanai» басылымының алғашқы шығарылым көлемі көп емес. Осы орайда Халықаралық қазақ ПЕН-клубының алдында тұрған басты мақсат – осы туындыны Amazon.com ғаламдық интернет-дүкеніне орналастыру болып табылады. Бүгінде қазақ классиктерінің шығармаларын шетелде аудару әлемдік дәрежеде танымал болуға ғана емес, сонымен қатар Франкфурт және Нью-Йорк секілді ірі қалаларда өтетін дүниежүзілік жәрмеңкеге қатысуға мүмкіндік береді.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, аталмыш туындының авторы Сәкен Жүнісов – Қазақстанның халық жазушысы, КСРО әдебиет қорының қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, драматург, аудармашы. Қаламгер 2006 жылы дүние салды.
Жарты ғасырға жуық шығармашылыққа толы еңбек жолында Сәкен Жүнісов С.Цвейгтың «Письмо незнакомки» новелласы, П.Федоровтың «Синий шихан» романы және О.Гончардың «Перекоп» романы секілді ірі туындыларды аударған, сондай-ақ, 20-дан астам туындының авторы.
1987 жылы жарық көрген «Заманай мен Аманай» романының желісі бойынша 1997 жылы режиссер Болат Шарип «Заман-ай» атты көркем фильм түсірген. Ал туындының мазмұнына келер болсақ, бұл жерде 1930-жылдары ұжымдастыру дәуірін бастан өткерген қазақ әйелінің және бүкіл халықтың тарихы туралы айтылады. Бәлзия есімді әжей өзінің кішкене немересімен ұзақ жылдан кейін Қытай жерінен туған Отанына қайту мақсатында тау асуға мәжбүр болады.
Ол – қызылдар өлтіріп кеткен ауыл байының қызы. Сатқындық жасаған сүйгенінен бас тартып, ауылындағы адамдарды өзімен бірге алып кетеді. Жол бойы оның халі нашарлай бастағандықтан, немересіне масыл болмау үшін Бәлзия құздан құлайды. Себебі, немересі міндетті түрде ата-бабасының Отанына жетуі тиіс.