АҚИРЕКТЕГІ ШАЙҚАС
Біз «Сыр бойындағы тарихи шайқастар» тақырыбымен оқырман назарына Сығанақтағы шайқасын (1219 ж) мен Қарақұм құрылтайын (1710 ж) және «Жауғаш шайқасын» ұсынған едік. Бүгін Ақирек шайқасы туралы айтпақпыз.
Жоғарыда айтқанымыздай, Сыр өңіріндегі Жауғаш деген жерде болған шайқаста қазақтар жеңді. Бұл – XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысындағы қазақтардың ең алғашқы рет жеңіске жетуі еді. Сыр бойы батырларының үлкен ерлігі осы 1725 жылы Сыр өңіріндегі (қазіргі Қармақшы ауданының аумағы) Жауғаш деген жерде болды. Өкінішке қарай, бұл шайқас әлі күнге толық зерттелмей келеді.
Енді Ақиректегі шайқасына келейік. Ақиректегі шайқасы1836 жылы болды. Хиуа хандығы Аллақұл ханның тұсында 1835 жылы Қуандарияның батысындағы Құртөбе деген жерге бекініс салып, онда 200 әскер ұстайды.
Хиуа ханы Аллақұл Сыр бойының батыры Жанқожаға арқа сүйеп, алым-салық төлеуден бас тартып, Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген Сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін түрікмен Аймұхамед палуанды жасақтарымен жібереді.
1836 жылы Ақирек деген жерде Сыр бойы батыры Жанқожа әскерлерімен Хиуа әскері кездесіп, жазық далада үлкен шайқас болады. Осы шайқаста Аймұхамед палуанды Жанқожа батыр жекпе-жекте өлтіреді.
Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр болды.
Жанқожа батыр бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырды. Оның бұл жорықтары нәтижелі болып, Хиуа бекіністері көп шығынға ұшырады.
/жалғасы бар/
Бақытжан Ахметбек,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ
«Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми зерттеу
институтының ғылыми қызметкері