«ҰЗАНДАР ЖҮР ЕЛ КЕЗIП...»
Ең таза естелік – бала күніміздің сәттері болса керек. Ол шақта естіген сөз, оқыған кітап, атаның өсиеті мен әкенің ақылы, барлығы санамызға өшпестей жазылып қалды. Менің бала кезім атамның батырлар жыры мен халық ертегілері, шежіре туралы әңгімелерін тыңдаумен өтті. Сәл кейін, бастауыш мектепте жүргізіп оқуды үйренгеннен бастап қызықты кітаптармен өзім таныса бастадым.
Қорқыт жырын да сол уақытта оқыған едім. Жырдың желісі түгел есімде қалмаса да, бір жолы тылсым әрі үрейлі көрінген. Бала қиялым үшін тым ауыр болса керек. Оңаша ойға батқан кездері «Елден елге, Бектен бекке, – Қобызын артып қосына, – Ұзындар жүр ел кезiп» деген сол жыр жолы көз алдыма келе қалатын. Сонда, ұзындар деген кім? Иен далада, тұманға малтып, қобызын артқан ұзын бойлы батырлар келе жатқаны елестейтін.
Алғаш оқыған күні-ақ, мағынасын атамнан сұрадым.
– Ұзын емес, ұзан шығар?
– Сонда ұзан деген кім? – дедім.
– Бұл аңыз қазақтарда осы күнге дейiн ұзынның орнына "ақын" деп айтылады, – деді атам. – Ал ақын деген сал-сері, жыршы-жыраулар.
Осылайша, бір жол өлең көптеген сауалға жол ашып, уақыт өте мұның сал-серілер туралы айтылғанын түсінгендей болдым.
Қорқыт – ескi дәуiрдегi серiлiктi бастаушының бiрi. Бұған ХIII ғасыр бұрын жазылған атақты шешен, ел басқарушы, онымен қатар атақты жырау, ақын, күйшi, бiрiншi қобыз жасаушы қазақ музыкасының атасы.
Ал шындығында "сал-серi" сөзiнiң мағынасы не? Тарихы қандай? Академик Әлкей Марғұлан: "Серi" сөзi серпiлуден шыққан, бой жазу, серпер осы сөзбен бiрдей, шалқыту, асқақтау," – десе, А.В.Затаевич: "Сери были детьми белой кости, богатыми, но их эксцентризм не принимал крайних форм," – дейдi.
"Сал" еуропа тiлiмен айтқанда эксцентрлiк, болмаса өз бағытымен жүретiн бiр аяулы адам. Оның бiр арманы сылқымдық, кербездiк, киiмдi әдемi киiну, өзiмен қатар жүретiн адамның бәрiнен де қияпатымен де, киiмiмен де артық болу, асып түсу. Ертоқымының өзi де басқанiкiндей болмайды, алтынмен, күмiспен өрнектелген, ерекше салтанатпен жасатады.
Сал, серi екеуi де өте ескi дәуiрден сақталып келе жатқан халықтың тiршiлiгiне көп жаңалық кiргiзген, әдебиетке, ой-санаға көп әсер еткен қазақ мәдениетiнiң бiр жарқын белгiлерi. Тарих көзiмен қарағанда, серiлiк о баста түрiк қағанаты кезiнен шыға бастаған. Серiлiктi әдет қылған ойшыл кiсiнiң бiрi Иоллық. Ол өзiн ғажайып аңшы, мерген, атты әдемiлеп ұстайтын ат сейiс, онымен қатар ол асқан ақын, жырау. Ағалары Бiлге хан мен Күлтегiн қайтыс болғанда оларға арнап эпикалы оқиғаларды әдемiлеп құрып, оны тасқа жазып қалдырған да осы атақты Иоллық еді.
Жалпы, сал-серiлердiң сипаты, ақындар ежелден бар екенiн Ә.Марғұлан барынша дәлелдедi. Бiздiң мақсат "сал-серiлер" сөзiнiң мағынасы мен қалыптасу тарихы туралы қарастыру. VIII-Х ғғ. сал немесе серi сөзiн кездестiрмеймiз, ал "ақынды" Қорқыт "ұзындар" деген.
Тағы бір қызық дерек – сал-серiлердiң пiрi немесе "негiзiн қалаушы" Қожа Ахмет Яссауидiң шәкiртi деген пікір. Бұл ретте белгілі өнертанушы Таласбек Әсемқұлов Бекташ сопыны атайды.
Т.Әсемқұловтың бұл туралы жазбаларына тереңірек үңілсек, сал-серілер кәсiби әскери адамдар болған. Бүкiл тарихы ат үстiнде, қанкешу – соғыс үстiнде өткен елдiң қатыгез әскери заңы. Оқырман бұндай қатыгездiк не үшiн керек деуi мүмкiн. Тұтас бiр шерiк әскердiң жауға сауытсыз шабуы – қалған әскер үшiн, ат жалын тартып мiнiп, алғаш рет қан майданға шыққан көкорай жас ұрпақ үшiн ерлiктiң теңдесi жоқ үлгiсi, үлкен рухани және психологиялық көмек деп айтсақ болады.
Қол бастап тұрған тіс қаққан батырлар: "Әне, сал-серiлер жауға сауыт кимей шапқанда, сауыт киiп, темiр құрсанған сен неден қорқасың?" деп қаннан шошынып тұрған жас ұландардың көңiлiн демдейдi екен. Әрине, көп жағдайда сал-серiлердiң шерiгi тұтастай қырылатын болған. Ал осы аяулы әскердiң кездейсоқ тiрi қалғандары болса, бейбiт кезде олар елдiң еркесi саналған. Қазақта "аттың майы" немесе "аттың терi" деген ұғым бар. Бiреудiң атын мiнуге алған адам, атты иесiне қайтарғанда "аттың майын" бередi екен. Қазақта "аттың майы – бiр тоқты" немесе "аттың майы – бiр қозы" деген ұғым да бар. "Қылыштың майы" да сол көне күндерден жеткен қасиеттi ұғым.
Ұрыстан әлдеқалай аман шыққан серi ел шетiне, алғашқы кездескен ауылдың сыртына келiп жығылады. Ауылдың адамдары аңырап жылап кеп үстiне түскенде, серi: "Қылышымның майын бер", – дейдi. Бұл – серiнiң: "Қылышымды қапысыз шауып, жаудың да қанын, өзiмнiң де қанымды аямай төктiм, ендi сол қылышымның өтеуiн бер" деген назы екен. Бүкiл аймақ жиналып серiнi кiлемге салып немесе жатқан жерiнде үстiне отау тiгiп, басына көтерiп ардақтайтын болған.
- Кейінірек, қазақ ордасы ұлы империяның телiмiне түскеннен кейiнгi жерде сал-серiлер бұрынғы мәртебесiнен айырылып, басқа сапаға өттi. Қару-жарақ асынып жүруге тыйым салынды, сол себептi сал-серiлер қылыш пен найзаны қабырғаға iлiп қойып, ендi қолдарына домбыраны алып, әртiстiк богемаға айналды, – дейдi ғалым. Ресей империясының бодауына түскеннен кейiн, сал-серiлер соғыстың басқа тәсiлiне көшедi, қолдарына қару орнына домбыра алады.
Осылайша, жалғыз жол өлең сал-сері ұғымы туралы қаншама тәлімді әңгімемен танысуыма себепкер болған еді. Содан болса керек, әлі күнге дейін сал-сері десе, дулығасы бұлт жайқаған, табаны алты айшылық жер сойқаған айырауытты құба нар мінген, жанына қобызын артып, тізесі нардың топшысын қаққан алып адам елестейді...
Б.СӘТЖАН