АҚМЫРЗА КЕСЕНЕСІ
Сырдың саңлақ перзенті Ақмырза Төсұлы есімінің насихаттала бастауы бүгінде рухани қазынамыздың жаңғыруындағы игілікті істердің көрінісіндей.
Ақмырза ишан баба 1881 жылы дүниеге келген. Алған білімі, терең тектілігі, қабілет-қарымы, қажыр-қайраты, ізденімпаздығы арқасында кемел биікке көтерілген діни қайраткер және ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі.
Ол Қармақшы ауданындағы қазіргі Т.Көмекбаев атындағы ауылдың тумасы. Қызылтамдағы мешітте Елмұрат атты молдадан білім алды. Оның бойындағы ерте қалыптасқан өжеттік, зеректік, білімге ерекше құштарлық білімін әрі қарай жалғастыруға жетелейді. Ол әкесіне айтпай 11 жасында керуеншілерге ілесіп Бұхараға барып, білім мен ілімнің ордасы Көкілташ медресесіне оқуға түседі. Медреседе араб, парсы тілдерін үйреніп, шығыс ойшылдарының тарихи, әдеби, діни еңбектерін зерделейді. Медреседе Ақмырзамен бірге Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлы мен тәжіктің классик ақыны Садритдин Айни қатар оқыған.
Ол кісінің оқуға деген ерекше құлшынысына, пәндерді игерудегі табыстарына тәнті болған ұстаз-мүфтилері оған басқа елдердің білім ордаларында шыңдала түсуге кеңес береді. Туған халқының алдындағы перзенттік парызын терең түсінген Ақмырза латын, ағылшын тілдерін меңгерсе, Ауғанстанның Кабул мен Герат, Ресейдің Қазан мен Уфа қалаларындағы мешіт-медреселердің ілім беру үрдісі мен дәріс беру әдістемелерімен танысады.
Сөйтіп, 1910 жылы қолына ислам ғұламаларына берілетін ең жоғарғы лауазым «ахун» шатырхатын алып, елге оралады. Көзі көргендердің айтуынша, ол шағын денелі, сарғыш өңді, шоқша сақалды, үнемі ақ көйлек киіп, ақ сәлде орап жүретін кісі болыпты.
Бүгінде ахунның ескерткіші Жалағаш ауданындағы Аққыр ауылының солтүстік-батысынан 14 шақырым жерде орналасқан. Тарихы белгісіз.
Кесене көлемі 24х13,5х7 см болатын қам кесектерден қаланған порталды-күмбезді құрылыс. Кесененің ішкі-сыртқы беті қалың етіп сабан сылақпен сыланған. Қабырғасының биіктігі екі метрден асады. Күмбездің төбесі мен кіреберіс жағында ішке жарық түсу үшін арнайы тесік қалдырылған. Төрт бұрышына жалпы формасы төртбұрышты ұшы сүйір болып келетін төрт колонна тұрғызылған. Жебе тәрізді етіп қаланған қуыстың ішінде орналасқан кесене есігі бар портал оңтүстік-шығыс жаққа қаратып салынған. Порталдың биіктігі 3,80 метр. Үстінде пішіні төрт бұрышты 4 тумба қаланған. Кесененің ішінде екі қабір жатыр.
Құрылыс көлемі шамамен 155,6 куб метр. Қазіргі уақытта оның қабырғаларының бұрыштарында терең жарықтың іздері бар. Кейбір жерлерінің сылағы түскен. Ескерткіш мемлекет қорғауына алынған.
Г. АСҚАРҚЫЗЫ