АСАРЛАР ТАРИХЫ (ҮҢГІРЛІ АСАР)
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында біртұтас ұлт болу үшін қоғамдық сананы жаңғырту, ол үшін халық санасына жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету қажеттігін атап көрсеткен болатын. Осы мақсатта елімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасалып, көне қалаларды одан әрі зерттеу жұмыстары қолға алынды.
Жалағаш ауданында ежелгі қалашықтар мен мәдени-ескерткіштер көптеп кездеседі. Біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігін суреттейтін бұл киелі жерлердің қатарында көне асар төбелер де бар. Солардың бірқатары Таң ауылы аумағында орналасыпты. Өткен жолы біз Домалақ асар туралы ұсынсақ, бүгін Үңгірлі асар туралы баяндамақпыз.
Аймағымыздағы киелі орындардың бірі – Жалағаш ауданы Таң ауылының оңтүстік-шығысында шамамен 9-11 шақырымдай жерде орналасқан Домалақ асар қалашығы екені мәлім. Осы Домалақ асардың маңында Үңгірлі асар қалашығы бар. Мамандардың айтуынша, бұл – Қаңлы дәуірінің көрнекті ескерткіштерінің бірі.
Қала құландысының жалпы пішіні төртбұрышты болып келген. Оның көлемі шығыстан батысқа дейін 300 метрге, оңтүстіктен солтүстікке дейін 250 метрге созылған. Қала үш сатылы қабаттан тұрады. Бірінші қабатта орналасқан цитадель көлемі 60х35 метрді құраса, биіктігі 18 метрге жуықтайды.
Ал, бекініс айнала биік қорған-дуалмен қоршалған. Қалашықтың ішкі беті шеңберлене келе екінші қабатқа қарай шығады. Екінші қабат жалпақ алаңша пішінінде цитадельдің батыс және шығыс жақ қанатына жапсарлана орналасқан.
Қаланың бекінісі мен дуалдардың сыртқы беті етегінде жауын-шашынның әсерінен үңгірлер мен арықтар пайда болған. Сондықтан да, жергілікті тұрғындар оны «Үңгірлі асар» деп атап кеткен.
Қалаға кіретін бас қақпа дуалдың солтүстік бетінде орналасқан екен. Үшінші қабат қорған мен екінші алаңның шығыс, оңтүстік және батыс жақ қанатын қамтыған. Цитадельден үшінші алаңның шетіне дейінгі арақашықтық, шамамен 40-60 метрді құрайды. Қала орнына С.П.Толстовтың жетекшілігімен барлау жұмыстары жүргізілген. Ал жанындағы Домалақ асарға 1962 жылы Хорезм археология-этнографиялық экспедициясы барлау жұмыстарын жүргізді. Алайда, кейін қазба жұмыстары қолға алынбаған. Соымен қатар, Үңгірлі асар қалашығына да барлау жұмыстарынан кейін қазба жұмыстары жүргізілмеген.
Жалағаш ауданы