"ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІНІҢ ГЕОГРАФИЯСЫ": ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСШЫ ТОП БАС ҚОСТЫ
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасын жүзеге асыру жөніндегі облыстық жұмысшы тобының отырысы өтті.
Отырысқа "Қасиетті Қазақстан" ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы қатысып, жоба аясында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар барысын таныстырды.
Басқосуда Қызылорда облысы бойынша музейлер, архивтер және тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесімен бірге ынтымақтастықта жұмыс жасап, Сыр өңірі бойынша анықталған жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандарды ғылыми тұрғыда терең зерттеуді жалғастыру талқыланды.
"Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасын жүзеге асыру жөніндегі Қызылорда облыстық жұмысшы топ мүшелері аталмыш тақырып аясында өз ойларын ортаға салып, Сыр өңірі бойынша анықталған қасиетті нысандарды қосымша енгізуді ұсынды.
Отырыста Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры, ф.ғ.д. Б.Кәрібозов, ақын, тележурналист Ш.Әбдікәрімов, облыстық "Рухани жаңғыру" орталығының бөлім басшысығ ғалым С.Қосанов, облыстық музейдің ғылыми хатшысы А.Сайлау, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің директоры С.Көзейбаев қасиетті нысандарды анықтау барысында кездескен қиындықтарымен және жұмысшы тобының жеткен жетістігімен бөлісті.
Ескерткіштердің тарихи маңызы айрықша айтылып, зерттеуді қажет етіп тізімге енбей қалған нысандарды кітапқа кіргізу үшін атқарылатын жұмыстар талқыланды.
Облыстық музейдің "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасы бойынша ұйымдастырған "Сыр өңірінің қасиетті орындары" атты телеэкспедициясының І және ІІ кезеңі бойынша баяндама жасалды.