«ТУҒАН ЖЕР – ТҰНҒАН ШЕЖІРЕ»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан.
Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейі аудандық ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер – тұнған шежіре» тақырыбында өз өңіріміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерге экскурсия жасады. Оған ардагерлер, жастар, аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Экскурсия өлкеміздің тарихын жас ұрпаққа насихаттау арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеуді және тарихи-мәдени ескерткіштермен таныстырып, танымдық көкжиегін кеңейтуді мақсат тұтты.

Саяхатшылар мұнан соң ауданның көркін келтіріп, ажарын аша түскен керемет мәдени орын «Жеңіс» саябағына келді. О.Бекбанов саябахтың салыну тарихын айтты. Бұл саябақ кезінде үкімет қазынасынан ешқандай қаражат бөлінбей, жергілікті халық пен жомарт азаматтардың атсалысуымен асарлатып салынған. Осы нысанның құрылысына үлес қосқан азаматтардың бірі, өлкеміздің тумасы Елеу Көшербаев есімін ерекше атап өтті.
Ардагер ұстаз Гүлжаһан Шалболова «Тәуелсіздік монументі» туралы, Құрметті теміржолшы Жақсылық Көрпебаев Жалаңтөс баһадүр бабамыз туралы өз пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, ардагер Нұрсұлтан Мұратбаев Жанқожа батырдың ерлігін сөз етіп, бабаның Кенесары ханмен үш рет кездескендігін де айтты.
Бұдан кейін Асандар көтерілісінің құрметіне салынған ескерткішке тоқтаған топ мүшелеріне Байғабыл Абсұлтанов көтерілістің шығу себебі туралы сыр шертті. Бегім ана әулие және оның құрметіне қойылған ескерткіш жайлы Әнес Дидаров ағамыз өзінің ойын ортаға салды. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің қоғамдық комиссия мүшесі Сержанқожа Берденұлы Қожаназар ишан мешітінің салыну тарихын жастарға тарқатып айтып берді.
Сонымен қатар, Қазалы теміржол вокзалының және теміржолшылар клубының тарихы да тереңнен басталады. Ол туралы құрметті ұстаз Молдабай Ақниязов баяндаса, аудан орталығынан ойып тұрып орын алған Әйтеке би ескерткіші төңірегінде ардагер ұстаз Ұлдай Рашова сөз етті.
Осылайша, аға буын мен өскелең ұрпақтың арасында рухани сабақтастық орнап, мәнді де мағыналы саяхат болғаны көңілге қуаныш ұялатты. Жастар шара барысында ерекше әсерге бөленгенін, өлке тарихына қызығушылығы оянғанын айтып жатты.