КЕЛТЕ ТОНДЫ КЕЛМЕМБЕТ БАТЫР
Дүниеден өткенінше ат үстінен түспеген батырлардың бірі – Келмембет Келдібайұлы. Ел арасында «Келте тонды Келмембет» деген атпен белгілі болған батыр шамамен 1618 жылдары дүниеге келген.
Кіші жүз құрамындағы Шөмекей руының Бозғұл (бозғыл) аталығынан шыққан. Батырдың өмір сүрген кезеңі құба қалмақтардың Жайық бойын жаулап алып, Еділге өткен жеріне тура келеді.
Келмембет – үш ағайынды болған. Ағалары Үсейін, Қожагелді және өзі үшеуі жастай жетім қалған. Күн көру үшін үшеуі де жалданып байдың малын бағады. Келмембет жылқы бағады. Төл, қой, басы аман, жылқыда жүріп асау аттарды тырп еткізбей бас білдіреді. Бай бұған риза болады. Бір күні таң алдында сарықасқа бие құлындайды. Ол ерекше болады. Кейін ол еңбекақысы үшін байдан осы құлынды сұрайды.
Екі жылғы еңбегін де сұрамай, байдан рұқсат алып, Сарықасқа атпен еліне қарай жол жүреді. Жолай жуан жыңғылды түбірімен жұлып алып тақымына басып жүре береді. Біршама уақыт өткенде артына қараса 15 адам сойылмен қуып келеді екен. Дереу алдына қарсы шығып, лезде сойлмен бәрін ұрып құлатып аман кетеді.
Күздің бір кезінде Сарықасқа беске шығады. Осы кезде хан алдағы сәрсенбіде қалмақ қамалына шабуыл жасайтынын біледі. Сол жорыққа сарықасқа тұлпарымен Келмембет те ереді.
Бұлар қамалды бір жеті бойы ала алмайды. Қар аралас жауынға шыдамай сарбаздардың бастары іри бастайды. Осы кезде хан қамалдың алдынан, батысы мен шығысынан үш жақтап шабуылды ұйымдастырады.
Бұл кезде Келмембет қасындағы жауынгерімен ту сыртынан шабуыл жасап қамалды бұзады. Осыдан «Сарқасқа атты сарбаз» атанып кеткен. Жауды жеңіл болғаннан кейін сарықасқа тұлпармен қамалды бұзған батырды іздейді. Бұл уақытта әбден шаршаған Келмембет батыр бір жерде демалып жатқан екен.
Жауға шабуыл жасап жатқан кезде, үстіндегі тоны термен, жауынмен ұзарып кедергі жасаған соң қылышпен етегін кесіп тастаған. Көн қойса қалпына барады деген. Тоны келте болып қалған екен дейді.
Хан шақырып алып батырдың атын сұрайды, «атым Келмембет» дейді батыр. Сонда хан «Келте тонды, Келмембет, келбетіңе рахмет», - деп батырдың қолын алып, арқасынан қағады.
Оның кедейліктен үйлене алмай жүргенін білген хан мол олжадан үшеуіне екі қалмақ қызын, бір әйел беріпті. Әйелді ағаларына беруге ұялып, үлкен ағасы Үсейінге уәзірдің қызын береді. Сондықтан олардан би, байлар көп шығады. Ал екінші қызды екінші ағасы Қожагелдіге береді. Ол бақсының қызы екен, сондықтан Қожагелділерден батыр көп шығады. Әйелді өзі алады, ол шаруаның қызы екен. Көп ұрпақ тарайды.
Кейін хан Келмембетті қасынан тастамай алып жүреді. Бірнеше жорықтардан жеңіспен оралып жүреді. Соңғы жорыққа жүрер алдында әйелі Ханбибі: «Мені екі айлық балаң Әлдеберліні кімге тастап барасың?» - деп сұрайды. Сонда батыр: «Сендерді бір құдайға тапсырамын» дейді. Сол соғыста Келмембет ерлікпен мерт болады. Екі қайнағасы әмеңгерлік жолмен келініне сөз айтады. Бірақ Ханбибі «Мені інілерің бір құдайға тапсырған» деп тұрмысқа шықпайды.
Сол екі айлық Әлдіберліден тараған батырдың ұрпақтары бүгінде Сарықасқа руы атанып, бiр тайпа ел болып отыр. Қазіргі таңда Келмембеттiң ұрпақтары Қызылорда облысы Жалағаш, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласында тұрып жатыр. Ақтөбе, Атырау облыстарында, тіпті Қарақалпақ, Өзбекстан, Ауғанстан мемлекеттерінде де кезеседі.
Батырдың түсі сарқасқа ереуіл аты бір тайпа елдің атына айналады. Ұрпақтары да ел арасында танымал батырлар болған. Келмембеттен тараған Бәйтік, Тоғанас, Сарман, Қызылбас батырлар, Жәрімбет және Қалдан билер өз заманының алып тұлғалары еді. Белгілі қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргенов, Ілияс Қабылов тәрізді азаматтар осы Келмембет батырдың ұрпақтары. 1999 жылы Қызылорда қаласында Келмембет батырға арнап ескерткіш орнатылды. Ескерткіш мыстан сомдалған, бикітігі – 5 м. Авторлары – жергілікті суретші-мүсінші Қ.Зәкіров пен шымкенттік мүсінші Қ.Мәлібеков.
Сыр сүлейі Молдахмет Дабылұлы (1893-1946) Келмембетке арнап «Сарғасқа атты Келмембет» атты дастан жазды. Жазушы Құланбай Көпішовтің 1958 жылы Алматыдан «Сарқасқа атты сарбаз батыр», 1998 жылы Мәскеуден «Воин на саврасом коне» деген атпен жыр жинақтары жарық көрді. Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылының тұрғыны Тұрлыбек Деменов ақсақал 1996 жылы «Келте тонды Келмембет» атты кітап шығарды.