ҚАМШЫ – АЛСА ҚАРУ, ҚАЛСА – МҰРА
Қамшы – қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық нысандарының бірі екенін мақаланың басында айттық. Оның қазақ өміріндегі, тұрмыс-салтындағы орны үлкен. Енді оның жасалу жолдарына тоқталайық.
Қамшының түрлері көп. Қамшыны тобылғыдан, мүйізден, сүйектен, тіпті сирақтан да жасауға болады. Жалпы, оның жүзден аса түрі болады.
Қамшының халқымыздың өмірінде атқаратын бірнеше қызметі, функциясы бар. Ең бірінші, қамшы – күнделікті өмірде ат айдаушы құрал. Одан кейінгі бишік, шыбыртқы – мал айдаушы құрал. Қамшының бұдан басқа қызметі – өткен замандарда, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басына дейін бұл билік құралы болған. Билердің, хандардың қолында қамшы болған. Қамшы – қару. Қамшы үш, төрт таспадан басталып, 48 таспаға дейін өріледі.
Қамшы әбден иленген сиыр терісінен өріледі. Әр қазақ ауылында айтулы өрімшілер болған. Жай өріп қана қоймай, оны өнер көзімен, шебер қолымен, өте жоғары талғам-талаппен қырлап, жұмырлап, бұрап, бедерлеп, үзбелеп, термелеп, еспелеп, бір сөзбен айтқанда, көркемдеп, таңдай қақтырарлық ұқыптылықпен өнерлеп өрген. Өрімнің бірнеше түрлері бар. Ол таспамен, тарамыспен, қайыспен өріледі.
Өрімді дайындау кезінде иленген теріні үш елі кесіп, ұзындығын оның саласына қарай сыдырғыдан өткізіп, жалпақтығын, енін, қалыңдығын реттейді. Ал сыдырғы үш тұтам тобылғыдан жасалынады. Ол үшін тобылғының үш жағына кертпе салынып, сол арқылы өткізілетін таспаның, терінің ені, қалыңдығы мөлшерленіп, әдейілеп қондырылған пышақтың жүзімен тілінеді. Ал шикі теріден жасалынған қайысты таспа дейді.
Тарамысты қырық екі өрім қылып тарқатады да, содан өрім өреді, ол үш тұтам болып шығады. Өрім дайын болған соң оған алақан дайындайды, ол тобылғы сапты қамшыға бауырымен өріледі. Бауырын тобылғыға орап ұстатқан қамшыны «Қазақтың ала қамшысы» деп атайды. Ол алақанның екі-үш түрі бар, түзу және жыланбас.
Қамшы – қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық нысандарының бірі болды. Қызыл үкіметтің содыр саясаты әуелі тәркелу науқаны, кейінгі ашаршылық зобалаңы қазақты төрт түлік малдан айырды. Оның ішінде «ер-қанаты аттан» айырған қызылдың саясаты. Қазақ аттан түсіп жаяу қалғасын, қолына қамшы ұстауды да қойды.
Қолына қамшы ұстаған қазақ сұсты, айбарлы, сәнді көрінуші еді. Ат пен қамшыдан айырылған жай қазаққа айналды. Сондықтан қазіргі таңда қамшы өруді, қамшыгерлікті жас ұрпаққа үйретіп, насихаттап отырса елдік, ерлік дәстүріміз жалғастығын табар еді.
Атам қазақ қамшының қыр-сырына бесігінен қаныққан, кие-қасиетін ана сүтімен қатар сүйегіне сіңіріп өскен. Себебі, бала бесікте жатқанда шошымасын деп бас жағына қамшы тастаған, не болмаса жастығының астына жастаған. Тобылғы қамшының өрімі жастықтың астынан жерге салбырап тұрмай, сабымен бүктеліп жатса «балаға қамшы тиеді» делінген. Бұл ата-бабамыздан қалған ырым.
Негізінде қамшы керегеге ашық ілінген. Бұл қамшы иесінің «мал басы аман болып, үйімнен молшылық кетпесе екен» деген тілеуі екен. Қамшы бұл қазақ халқына тән нәрсе. Оның бойында қасиеті де, құдіреті де, киесі мен иесі – Сесі бар. Қамшы жүрген жерде оның өрімінде періштелер дұғасы ере жүреді.
Сондықтан да ол мұра болып, бабалардан аталарға, аталардан әкелерге, әкелерден балаларға, одан да беріде мына бізге жеткен. Кейінгі ұрпаққа жеткізу – біз үшін парыз.
/соңы/
Б.СӘТЖАНОВ,
Қызылорда қаласы