ЖАУҒАШ ШАЙҚАСЫ (1725 ж).
Біз Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері, тарихшы ғалым Б.Ахметбектің «Сыр бойындағы тарихи шайқастар» атты мақаласынан «Сығанақтағы шайқас» (1219 жыл) және «Қарақұм құрылтайы» (1710 жыл) атты бөлімін оқырман назарына ұсынған болатынбыз. Бүгін Сыр бойында өткен Жауғаш шайқасына тоқталамыз.
Бір айта кететін жайт, 1710 жылы қазіргі Қызылорда облысы Арал ауданында үш жүз өкiлдерiнiң жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыру үшiн құрылған жиын – Қарақұм құрылтайы туралы тарихшылар тарапынан зертеу еңбектер жазылмаған.
...XVIII ғасырда қазақ халқы жоңғарлармен кескілескен соғыс жүргізеді.
Жауғаш шайқасында XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысындағы қазақтар ең алғашқы рет жеңіске жетті. Сыр бойы батырларының үлкен ерлігі 1725 жылы Сыр өңіріндегі Қармақшы ауданындағы Жауғаш деген жерде болған. Сондықтан да оны шайқас өткен жердің атауымен «Жауғаш шайқасы» деп атап отырмыз.
Айта кетейік, әйгілі Аңырақай шайқасы Жауғаш шайқасынан 4 жыл кейін болған. Бұл дерек бізге ауызша айтылған тарих болып атадан балаға жетіп отыр. Біз Жауғаш шайқасымен мақтанамыз, бірақ өкініштісі оқулықтар мен кітаптарға енгізілмей жүр.
Трихқа таңбаланған Аңырақай шайқасы 1729 жылы жаз айларында өткен. Шайқас солтүстігінде Балқаш көлі, оңтүстігінде Отар даласы, батысында Шу аңғары, шығысында Күртіге дейінгі аралықта болған. Аңырақай шайқасына екі жақтан бірнеше мыңдаған жауынгерлер қатысады. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Шапырашты Наурызбай батырлар, ақын Ақтамберді мен Үмбетей жыраулар секілді тұлғалар туған жері үшін бір ту астына жиналады. Үш жүздің біріккен әскеріне Әбілқайыр қолбасшылық етеді.
Бұл шайқас қазақтарға оңайға түскен жоқ. Дегенмен, қиян-кескі ұрыста қазақтар оларды біржолата талқандайды. Жоңғарлар кері шегінуге мәжбүр болады. Аңырақай шайқасындағы жеңіс – қазақ-жоңғар соғысындағы шешуші оқиға. Ол қазақ жерін азат етудің бастамасы болды. Жалпы қазақтардың жауға қарсы бірігуі олардың күшті қарсыласын жеңуіне жол ашты.
Арал маңында 1710 жылы өткен Қарақұм құрылтайы мен 1725 жылы Сыр өңіріндегі Қармақшы ауданындағы Жауғаш деген жерде болған «Жауғаш шайқасы» зерттеліп, тарихи бағасын алады деген үміттеміз.
/жалғасы бар/