ӘЛІПБИ АУЫСТЫРУ – ЕЛІМІЗДІҢ ТАРИХЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ БЕТБҰРЫС
Мемлекеттің рухани жаңғыруын көздейтін мақала қазақстандықтарды тағы бір серпілтіп тастады. Оның жарияланғанына бір жылдан асса да оқыған сайын мәнінің терең екенін ұғына түсеміз. Дәуірдің бүге-шігесін зерделеген бағдарламалық мақаланың мәні де, мағынасы да терең.
Мақалаға рухани жаңғыру негіз етілген. Алдағы мақсатымыз – айқын, бағытымыз белгілі. Ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Мұндай мақсатқа жету үшін біз рухани тұрғыдан да жаңғыруымыз керек.
Мақалада ұлттық код мәселесі жайдан-жай айтылып отырған жоқ. «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болуы үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы өзгертетініміз туралы қөзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім» – дейді Мемлекет басшысы.
Бұл мақала Мәңгілік еліміздің мақсат-мұратын жүзеге асыруға бағытталған. Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Сондықтан, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуіміз керек. Ұлттық салт-дәстүріміз, ана тіліміз, ән, жыр, күй, музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Елбасы «2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан, біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек» – деп атап көрсетті.
Қазақ әліпбиінің тарихына үңілсек ұлы далада осы уақытқа дейін бірнеше жазу түрі қолданылыпты. VІ-VІІ ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы қолданылған. Мұны тіпті, адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі деп атауға да болады.
V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Ислам дінімен бірге араб әліпбиі қатар келді. Біртіндеп руникалық жазулар қолданыстан шыға бастады. Қазақстан аумағындағы халық ХХ ғасырға дейін араб әліпбиін пайдаланды. 1929 жылы КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Призидиумы латындандырылған жаңа әліпби «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Содан 1940 жылға дейін латын әліпбиі негізінде жасалған жазу қолданылды. Ал, 1940 жылы «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Содан бері Қазақстан азаматтары кириллица нұсқасындағы жазуды пайдаланып келеді.
Әліпби ауыстыру мәселесі заман талабынан туындап отыр. Елбасы мақаласында: «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек» делінген. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі жасалды. Президент Жарлығымен ол қайта жаңғырды. Елбасының осы бір мақаласынан кейін:
– Затымызға қанмен дарып атадан,
Бойымызға сүтпен сіңген анадан.
Қазақ тілі шын мәнінде керек тіл,
Қазақ болып шығу үшін қайтадан, – деген өлең жолдары еріксіз ойға орала берді.
Рухани жаңғыруға ден қойған елімізде латын әліпбиі қолданысқа енсе, ана тіліміздің тамырына қан жүгіретіні анық. Ол кезде біздің ана тіліміз осы заманғы ғылым мен техниканың тіліне де айналады.