СЫРДЫҢ СЫРШЫЛ АҚЫНЫ
Сыр мен жыр егіз ұғымдар. «Сыр елі – жыр елі» дегендей, ежелден Сыр өңірі сөз зергері ақын-жырау мен би-шешендерден қалған асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан қасиетті өлке.
Міне, осындай өлкеден өсіп-өнген ақын-жазушылар арасында шоқтығы биік болып тұратын текті жандардың бірі – Қармақшы өңірінің тумасы, ұшқыр қалам қасиетімен елге танылған ақын Құланбай Көпішев.
Құланбай Көпішев 1901 жылы Қармақшы ауданы, Ақжар ауылында туған. Алматы қаласында тұрған. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, көптеген жыр жинақтарының авторы.
Ол балалық шағында ауыл молдасынан діни сауатын ашып, большевиктер партиясы үстемдік жасай бастаған жылдары ауыл мектебінен білімін жетілдірген.
Өсе келе Құланбай Семей қаласындағы жоғарғы ауылшаруашылығы мектебін тәмамдайды.
Киелі де құтты мекеннің ыстық құмына табанын қыздырып, самал желін жұтып өскен бала жасынан Сыр шайырларының шығармаларына қанығып, ақындық жолды таңдайды. Жүректен шыққан жауһар жырларымен оқырмандарын тербеп, жас ақын атанады. Оның алғаш балалар өміріне арнап қалам тербеп жазған өлеңдер жинағы 1934 жылы жарыққа шықты.
Қазақ халқының басына қасірет әкелген 30-шы жылдардағы зобалаң Құланбай Көпішевтің де басынан өтті. Голощекиндік саясаттың тепіршіене шыдады, қайсарлық танытып, жалынды өлеңдерімен туған халқына араша түсті. Сол жылдары ауылдағы өзге ел ағалары сияқты ағасы Ахмет те «халық жауы» атанып, жазықсыз түрмеге қамалғанда ол 24 жаста болатын. Жалынды жас өңірдегі жастар саясатына етене араласып, комсомолға қатарына қабылданады. Бірақ, «халық жауының» туысы деген желеумен ол комсомолдан да, қызметтен де шығарылады.Тіпті, түрмеге де қамалады.
Сондай-ақ, ол 1941 жылы барша әлем жұртын соғыс өртімен шарпыған екінші дүниежүзілік соғысқа Ақтөбе қаласында жасақталған әйгілі 101 атқыштар бригадасы құрамында КСРО-ны неміс басқыншыларынан азат етуге қатысады. Оқ пен оттың ортасында өмір мен өлім арасында арпалысып жүріп, жүректен шыққан патриоттық өлеңдерімен жауынгерлерге рух береді. Жеңісті жақындатуға атсалысады. Ақынның «Төбе үстіндегі сарай», «Оқ тескен котелок», «Шөліркеп ішкен су», «Комиссар біздің Мәлкеев», «Жалғыз снаряд туралы баллада» және басқа да соғыс тақырыбына арналған өлеңдері қаруластары арасында үлкен қолдау табады. Жауынгер ақынның әрбір өлеңінде Кеңес әскері сарбазының қиын да ерлікке толы өмірі суреттелген.
Ақын «Шабуыл» атты өлеңінде:
Түн ұйқысын бұзады,
Мылтықтың ащы дауысы.
Жандырғыш оқтар сызады,
Аспанның қою ауасын.
Бірнеше сондай түн өтті,
Алдынғы майдан шебінде.
Бір күні бұйрық кеп жетті,
Шебін бұз жаудың... шегінбе! – деп қаруластарының өшпес ерлігін баяндаса,
«Солдатқа» атты өлеңінде:
Соғыстың жолдарының заңы қатты,
Жорықты не бір күндер өтіп жатты.
Бой бермес қиындыққа, тауы қайтпас,
Жырлаймын жігіттерді сен сияқты! – деп Кеңес жауынгерінің қайсарлығын, бітім-болмасын бір өлеңге сыйғызады.
Құланбай Көпішевтің соғыс тақырыбына жазған поэмалары да оқырман қауымына жоғары баға алды. Оның «Ақын-азамат» атты поэмасының негізгі желісі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, соғыс ардагері Жұмағали Саинның соғыс жылдарындағы ерлікке толы өмір жолы бейнеленген болса, «жеті өрен» атты балладасында Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес әскері барлаушыларының көзсіз ерліктері баяндалады.
Ақын туған жер тақырыбында да қалам тербеп, өзінің жүрегінен шыққан жауһар жырларын арнаған. Ол «Атамекен» атты өлеңінде:
Жап-жазық жер,
Түк шықпаған тақырлар!
Бүгін сенде
Жайқалады лақылдар.
Ұланы едім
Құлан жортқан даланың,
Жыр арнауға
Саған менің хақым бар, – деп туған жерге деген ықыласын жеткізсе, екінші бір «Туған жер» атты өлеңінде:
–Мекенім ең ізім түскен алғашқы,
Жырымменен аялдайтын, Қармақшы.
Жүрегімді тебіренткен туған жер
Болашағың меніменен жалғасты, – деп өіз туып-өскен еліне деген сағынышын бір өлеңге сыйғызған.
Құланбай Көпішев өзінің жарты ғасырға жуық өмірінде балаларға арнаған алғашқы «Кішкентай Дәурен» атты кітабы мен кейіннен 30-ға жуық өлеңдер, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Кеңес жауынгерлерінің айбынды тұлғасын, сондай-ақ бейбіт замандағы қазақстандықтардың еңбек үлгісі мен қасиеті жайлы жырлаған «Сыр толқыны», «Өркен», «Мәуе», «Жастар жырлайды», «Ағатай», «Ер жүрек», «Жұлдыздар сөйлейді», «Қиядан қияға» және тағы басқа жыр жинақтары, сондай-ақ, 90 жылдық мерейтойы қарсаңында екі томдық таңдамалы шығармалары жарық көрді.
Майдангер-ақынның тағы бір ерекшелігі жайлы айтар болсақ, ол аудармашылықпен де айналысқан ақын. А.Мацкееви, Н.Бараташвили, Т.Шевченко, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, М.Жәлел сынды шетел ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударып, оны оқырман қауымға ұсынды.
Қаламгер Қ.Көпішев жайлы қазақ поэзиясының алыптары Әбілда Тәжібаев, Сағынғали Сейітов, Асқар Елубаев және басқалар өз пікірлерін білдірді.
Сонымен бірге, майдангер ақын Ұлы Отан соғысы жылдарындағы көрсеткен ерлігі мен ел алдындағы елеулі еңбегі үшін І дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Кеннинсбергті алғаны үшін» медалімен, сондай-ақ екі рет ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталды.
Бес перзент тәрбиелеп, балаларын қанаттандырып, оннан астам немеренің қызығына тоймай, туған елінің болашағы үшін аянбай тер төккен майдангер ақын 2002 жылы дүниеден озды.
Өңірден шыққан қаламгерлеріміздің, сондай-ақ, жыршы-жырау мен шайырларымыздың рухани мұраларын, жалпы, руханият өкілдерінің ардақты есімдерін кейінгі ұрпаққа насихаттап отыру – баршамыздың ортақ парызымыз.
Өйткені, біздің рухани кемелдену мұратымыз аса биік. Сол мұратты жолдар толымды жеңіс пен жемісін берсе деген тілек бар.
Н.ӘБІЛАХАТҰЛЫ,
Қармақшы ауданы