СЫР ӨҢІРІНДЕГІ ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕР (ШІРІК-РАБАТ)
Қызылорда облысы еліміздегі минералды-шикізаттық ресустарға ғана емес, тарихи ескерткіштерге бай өңірлердің бірі болып есептеледі. Қазақстанның киелі нысандар тізіміне Сыр өңірінен 12 ескерткіштің енуі осы сөзіміздің айғағы.
Олардың қатарында небір зобалаң заманды басынан өткеріп, бұл күндері жер бетінен жойылған, тарихи маңызға ие Шірік-Рабат, Сығанақ, Жанкент және Жент қалалары бар. Бүгін тарихи терең Шірік-Рабат қаласына тоқталамыз.
Бір қызығы, өз тарихында тонауға, қиратуға жол берілмеген бекіністер саусақпен санарлық. Сондай қаланың бірі – Шірік Рабат. Біздің ең тарихи жерлеріміздің бірі саналатын Шірік-Рабат ежелгі дәуір жылнамаларынан сақ тайпасы көсемдерінің резиденциясы болған. Қала шамамен б.з.б. IV–II ғасырлар және б.з. X –XIII ғасырлар аралығында өмір сүрген.
Ежелгі қаланың орны Сырдария өзенінің саласы Жаңадарияның төменгі жағында, Қызылорда облысы Қармақшы ауданы қазіргі Т.Көмекбаев ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 100 шақырым жерде. Облыс орталығынан 300 шақырым қашықтықтағы көне қала орны Жаңадария арнасының сол жақ жағалауындағы ең биік төбенің үстіне орналасқан.
Қаланың қорғанысы өте мықты болған. Сол төбелердің төменгі тұсында арнайы қазылған ор бар. Оның қазіргі тереңдігі шамамен бес метрге жуық, ал ені қырық метрге жетеді. Ал топырақтан тұрғызылған қабырғаның қалған биіктігі үш метр, ені – он метрге жуықтап қалады.
Бұл қала шекарадағы бекініс ретінде танылған. Сонау сақ дәуірінен бастап Парсы мен Хорезм мемлекеттерімен байланысқан. Сол сияқты ХVІІІ-ХІХ ғасырларда патшалық Ресейдің елімізді отарлау кезінде Хиуа хандығы аралығында тірек бекеті қызметін де атқарған. Оның орналасқан жері де ерекше – бастысы, ол Ұлы Жібек жолында тұрған қала. Заманында оның оңтүстік-батысын парсылар мекен етсе, батысында Ресей, ал оңтүстік-шығысында Қытай жұрты шекаралас болған шаһар.
Қала орнын 1946 жылы С.Толстовтың жетекшілігімен Хорезм археологиялық және этнографиялық экспедиция тауып, 1948–49 жылдары қайта зерттеген. 1957–58 жылдары қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде екі жерлеу құрылысы, үлкен қоршау, көне қорған түбіндегі тұрғын үйдің бір бөлігі, қорғаныс қамалы мен мұнарасы және кейінгі ортағасырлық кезеңдегі цитадельдің шағын бөлігі зерттелді. Шірік-Рабаттың сыртқы саудамен жақсы айналысқаны туралы көптеген деректер бар. Қазба жұмыстары кезінде табылған заттар оның анық айғағы болады.
Ежелгі шаһарға 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында археологиялық қазба жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Жалпы, Шірік-Рабат ежелгі бекіністің барлық құдіретін ашатын, көпжылдық зерттеу мен зерделеуді қажет ететін нысан болып табылады.