ШОЛПЫ СӨЗІНІҢ ШЫҒУ ТӨРКІНІ

Біз музейдегі жүзік, білезік, сырға және белбеуді этимологиялық шығу төркінін талдаған материалдар ұсынған едік. Бүгін шолпы сөзінің шығу төркіне үңілеміз.

Ертеде жігіттер алыстан келе жатқан бойжеткенді шолпысының сылдырынан таныған, яғни сол бір нәзік дыбыстан сыртта жүрген қыздардың жүріс-тұрысын іште отырып байқап, бағдарлап отырған.
Ол шолп деген дыбыстық бейнелеуіш сөзден де шығуы мүмкін. Шолп – бір нәрсенің биіктен не алыстан суға түскендегі дыбысы (Шолп етті). Сөздің соңындағы «ы» дыбысы – шолп деген етістіктен зат есім тудыратын жұрнақ.
Қыз таққан шолпының сыңғыры, шылдыры, сүйкімді үні суға түскен теңгенің дыбысына ұқсас келетіндіктен, қазақ халқы бойжеткен қыздар тағатын осы бір әшекей атауын шолпы деп атаған. Шолпыны күміс теңгеліктердің бірнешеуін бір-біріне кішкене шығыршықтар арқылы жалғастырып жасайды, ең үстіңгісіне күміс шынжырдан немесе матадан ызылған бау тағады. Бауды, әдетте, бұрыммен қоса өріп қояды.
Шолпы сәндік үшін ғана емес, шашты өсіретін әрі ұзартатын, желді күнде көтеріліп кетпес үшін де тағылады. Иесі қозғалғанда, олар әсем дыбыстар шығарып, кермаралдай керілген кербез қыздың әсем жүрісіне үн қосып, арудың сыны мен сымбатын одан әрі ажарлай түседі. Мұндай сұлуды қазақтар: «Сыңғырлаған күлкісіне сылдырлаған шолпысы үн қосады» деп, ардақтаған.
Белгілі бір аймақ шолпы деп, сүзгі, кепсер, кәкпірді атайды. Ыдыс-аяққа тән бұл атаулар диалектілер болып табылады. Ол сөз де шолп деген дыбыстық бейнелеуіш сөзден шыққан. Олай дейтін себебіміз, сорпаға салынған қамырды сүзіп алу үшін пайдаланған сүзгі қамырды сүзу барысында шолп деген дыбыс шығарған. Табиғатта кездесетін дыбыстық бейнелеуіштер заттың аталуына себепші болған.
/жалғасы бар/
Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің
«Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі