ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: МӘСЕЛЕ, ПІКІР, ҰСЫНЫС
«Нұр Отан» партиясы Қармақшы аудандық филиалының «Сырдария» бастауыш партия ұйымында «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.
Оны «Сырдария» БПҰ төрайымы, С.Есқараев атындағы №27 орта мектеп директоры Ақмарал Жарасова ашты. А.Жарасова «Латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадамның бірі екендігін атап өтті.
Бұған қоса, ол «мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жүзеге асыра отырып, дәріптеу бізге тиесілі» деп, осы жұмысты қазірден бастап қолға алу қажеттігін жеткізді.
Жарыссөз барысында мектеп мұғалімдері де өз пікірлерін білдірді. №27 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Несібелі Майданова латын әліпбиінің маңыздылығына тоқталды.
– Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз және қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді», - деп атап көрсетті.
Мектеп мұғалімдері латын әліпбиіне көшудің тиімділігін өздері түсіне отырып, ата-аналар мен оқушыларға да дұрыс жеткізе білулері қажеттілігі де айтылды. Себебі, келешекте бұл жазу – елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш екендігі сөзсіз.