БЕЛБЕУ СӨЗІНІҢ ШЫҒУ ТӨРКІНІ ТУРАЛЫ

Музей қоры және экспозициясындағы этнографиялық жәдігерлерді зерттеп, оларға ғылыми сипаттама беру барысында, зерттеліп отырған заттың атауына еріксіз назар аударасыз. «Осы зат неге осылай аталды екен, халқымыз неге осылай атап кеткен екен?» деген ой сананы билеп алып, ой тұңғиығына алып кетері рас. Қазақтың тұрмыс-тіршілігінен ақпар беретін этнографиялық жәдігерлер, оның ішінде әшекей бұйымдар атаулары біраз дүниені ашып, айтып берері анық.
Қазақ зергерлерінің ең көп жасайтын әшекейлерінің қатарына жататын жүзік, білезік, сақина туралы айтып өттік. Бүгін белбеу сөзінің шығу төркініне тоқталамыз.

Белбау деген тағы да бір ұғым бар. Ол – киіз үйдің керегесін сыртынан бастыра тартып байлайтын ұзын арқан. Бұл да киіз үйдің белін, яғни кереге ортасын желден қорғау мақсатында байлайтын бау. Екі сөз де бір-бірімен мағыналас, омонимдер деуге толық негіз бар. Бірінші, зергерлік бұйым атауын білдіретін белбеу сөзі белбау сөзіне қарағанда тұрмыста жиі қолданылатындықтан, белбеу сөзінің бірінші нұсқасы белбаудың дыбыстық өзгерістерге ұшырап, яғни бел деген бірінші буынның жіңішке келіп, бау деген екінші буынның жуан жалғануы тілге кедергі жасауына байланысты бау сөзі беу болып жіңішкеленді.
Осылай белбеу сөзі пайда болды. Ал, киіз тігуге керекті арқан жіпті, яғни белбауды қазақ көшіп-қонған уақытта ғана пайдаланатындықтан, бұл сөз әдепкі нұсқасын сақтап қалғанға ұқсайды. Қазақ киімі детальдарының бірі – белбеу күнделікті тұрмыста жиі пайдаланып отырғандықтан, дыбыстық өзгерістерге ұшырап, сөздің соңғы буыны алғашқы буынға ыңғайланып, жіңішкеріп кеткен.
/жалғасы бар/
Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің
бөлім меңгерушісі