ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ
Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында жаңғырудың басты шарты ұлттық кодты сақтай білу екенін айтқан болатын. Ал ұлттық кодтың басты тетігі – тіл. Өткен жылы ҚР Үкіметі қаулысымен 5-қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілген болатын. Себебі, 5 қыркүйек – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
Қазақстан халқы тілдерінің мерекесіне байланысты өткізілген «Тіл татулық тірегі» атты облыстық тілдер фестивалі Ахмет Байтұрсынұлының 145 жылдығымен қатар келді.
А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде өткен мерекелік шарада облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысушыларды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, аймақта тілдерді дамыту бағытында атқарған жұмыстары үшін бірқатар тіл жанашырларын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Фестиваль концерттік бағдарламамен жалғасып, этномәдени бірлестіктер өздерінің ән-би өнерлерін қазақ және өз ана тілдерінде орындады.