ЖАНКЕНТ ПЕН СОРТӨБЕГЕ САЯХАТТАДЫ

Бағдарламаның бір бағыты – «Туған жер» бағдарламасы. Бұл туған жердің әрбір тасы мен тауынан тарихымызды тануға үндейді. Аталған бағдарлама аясында балаларды облыс аумағындағы киелі жерлермен таныстыру, оларды насихаттау жұмыстары мықтап қолға алынды. Оқушы жастардың туған өлке тарихын танып-білуіне жағдай жасау мақсатында түрлі экскурсиялар мен телеэкспедициялар ұйымдастырылуда.
Сондай сапар Қармақшы ауданында ұйымдастырылды. Оған облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Қорқыт ата кешені музейінің ұжымы бастамашы болды. Аталған музейдің қызметкерлері Айгүл Бермаханова мен О.Бегалиевтің ұйытқы болуымен қармақшылық бір топ оқушы жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілген Жанкент және Сортөбе қалашығында болды.

Сортөбенің оғыз дәуіріне тиесілі екені былтырғы қазба жұмыстарынан-ақ белгілі болды. Одан шыққан экспонаттар Қорқыт ата кешеніндегі музейге қойылды. Бір ғажабы, Сортөбеден тастан жасалған қобыз суреті табылды. Тастан жасалған қобыздың суретін көргеннің өзі адамды ерекше күйге бөлейді. Осыдан сол заманда қобыздың болғанын, оны музыкалық аспап ретінде пайдаланғанын біле аламыз. Танымдық экспедиция мүшелері Қорқыт ата кешені музейін тамашалап, сапарды Сортөбе қалашығынан бастады. Онан соң тарихы терең Жанкент қалашығына барып, қос қалашықта жүріп жатқан қазба жұмыстарының барысымен танысты.
Қазалы аумағындағы Жанкент қаласы – ортағасырлық оғыздардың астанасы. Жас саяхатшылар ІХ-ХІ ғасырларда оғыз тайпасының астанасы болған көне қаланы көздерімен көріп, ғалым Ә.Тәжекеев айтқан қызықты деректерге қанықты.
Көне шаһар орнында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің ғалымы Ә.Тәжекеев бастаған археологтар биылғы мамыр және маусым – екі ай бойы қазба жұмыстарын жүргізіпті. Олар қыркүйектен бастап археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыруда. Сондай-ақ, Сортөбе қаласы орнында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың археолог-ғалымдары қазба жұмыстарын жалғастыруда.
Ә.Тәжекеевтің айтуынша, қос қалашықта қазба-зерттеу жұмыстары жаңаша әдіспен жүргізілуде.
Айта кетейік, сапар барысы телеарнаға түсірілді. Қорқыт ата музейі қызметкерлері ұйымдастырған бұл сапар оқушылардың туған өлке тарихына деген қызығушылықтарын арттырды.