СЫРҒА АТАУЫНЫҢ ЭТИМОЛОГИЯСЫ ХАҚЫНДА

Қазақ зергерлерінің ең көп жасайтын әшекейлерінің бірі – жүзік пен білезік атауының шығу тегі, яғни этимологиясы туралы айтқанбыз. Бүгін сырға сөзінің төркініне үңіліп көрелік.
Сырға – қыз-келіншектердің сүйіп тағатын әсемдік бұйымдарының бірі, сыртқы келбетінің ажырамас бөлігі. Ол қыздардың әсем келбетінің қалыптасуына және оның табиғи толысып, жетілуіне ықпал етеді.
Сырға – сәндік үшін әйелдердің құлағына тағатын қымбат металл мен асыл тастан жасалған зат. Енді осы сырға сөзінің төркініне үңілейік.
Сырға сөзі сыр зат есіміне ға деген барыс септігі жалғауының жалғануы арқылы жасалған.
Ертекте қыз-келіншектер ешкімге айта бермейтін сырларын жақын құрбысына, жеңгелеріне, т.б. жақын туыс келіншектерге үлкен сеніммен ақтаратын болған. Сыр – әркімнің өзіне тән, өзгеге белгісіз құпия ойы. Құпия-сырдың көпшілікке тарап кетпеуі үшін сырын ақтарған қыз немесе келіншек «сырға, яғни құпияға берік бол» деген сөзбен сырын тыңдаған не тосыннан есітіп қалған қыз немесе келіншекке құлаққа тағатын әшекейін сыйлаған деседі.
Айтылған «Сыр+ға – сырға мықты бол, адам баласына айтып қоюшы болма» деген ниетпен, сол сырды естіген құлаққа «құлаққа тағатын әшекей» салған. Құпия-сырды сақтау, ел арасына тарап кетпеу мақсатымен берілген сол әшекей халық арасында «сырға» деп аталып кеткен.
Қазір кеңінен қолданылып жүрген «Құлағыңа алтын сырға» деген фразеологиялық сөз тіркесі «Сен тыңдамай-ақ қой, есітпей-ақ қой» дегенді білдіретіні барлығымызға аян. Бұл тіркестің шығу тарихы жоғарыда баяндалған әңгімеге тікелей байланысты болып келеді. Тіркеске тезаурус ретінде «құпия, сыр» деген сөздерді еш күмәнсіз алуға болады.
/жалғасы бар/
Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің
«Археология және этнография» ғылыми-зерттеу
бөлімінің меңгерушісі
