АРЫҚИШАН МЕШІТІ
Халқымыздың сан ғасырлар бойы ұлы Шығыс өркениетінің аясында дамығаны белгілі. Ұлтымыздың перзенттері білім мен ілімнің озық үлгілеріне ислам мәдени орталықтарындағы орта және жоғары оқу орындарында сусындады. Осы оқымысты-ғұламалар бүкіл ел аумағында мешіт, медресе, мектеп ашу арқылы сауаттандыру, имандылыққа тәрбиелеу, кәсіпке баулу және т.б. ағартушылық қызмет жүргізіп, татулықтың тұтқасы, елдіктің мызғымас тірегі болды.
Сыр бойында мешіт ашып, имандылық дәнегін сепкен діндар жанның бірі – Арықишан атанған Ізбасар Әзизрахымұлы.
Арықишан мешіті – Жалағаш ауданы, Есет батыр ауылының оңтүстік-шығыс бетінде 4 шақырым жердегі ескі қорымның ішіне орналасқан архитектуралық ескерткіш. Күйдірілген қызыл қыштан қаланып, әсем етіп қаланған зәулім күмбезді мешіт ғимараты ою-өрнегімен, мінсіз сырт көрінісімен еріксіз көз тартады.
Жалағаштық шежіреші Оразбек Қожамұратовтың айтуы бойынша, Арықишанның азан шақырып қойған аты – Ізбасар екен. Ізбасар Әзизрахымұлының шыққан тегі – Кіші жүздің Тама тайпасының Қызылқұрт аталығы. Бұл кісінің дене бітімі арық, талдырмаш болғандықтан оны жергілікті халық өз атымен атамай, Арықишан деп атап кеткен екен. Оның қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны белгісіз.
Ізбасар Әзизрахымұлы шамамен, ХІХ ғасырдың 70-ші жылдары Бұқарадағы «Көкілташ» медресесін бітіріп, Ұлытау жақта қоныстанып отырған өз ағайын-тумаларына қайтып бара жатады. Сапарға шыққалы оған ел ақсақалдары «ауыл-аймағымызға діни сауат беретін бір мешіт салдырып, балаларымыздың мұсылманша сауатын ашып, оқыт» деп жабыла өтініш айтып, бала-шағасымен бірге өз ауылына алып қалады.
Сөйтіп, діни сауатты ағартушыны ел ішіндегі ауқатты адамдар өз қамқорлығына алып, бүкіл ел-жұрт болып ұйымдасып, алдына мал салып беріп, жағдайын жақсартады. Кейіннен тұрмысы түзелгеннен соң Арықишан жергілікті халықты ұйымдастырып, Жаңадариядан су келтіріп, қарулы жігіттердің басын біріктіріп мешіт құрылысын бастайды.
Ол Ақмешіт қаласынан Асхабулла сарт пен Самұрат деген ұста кісілерді алдыртып, алдымен мешіт маңына қыш зауытын салдырады. Аталған қыш зауыты мешіт құрылысы аяқталғанша жұмыс істеген. Құрылысшылар қам кесекті топырақтың иінің қандырып, биенің сүтін қосып илеп, жылқының қылын араластырып құйып, шеңгелдің қызыл шоғына күйдірген.
Арықишан өзінің үлкен баласы Оспанды Хиуаға жұмсап, мешіттің жобасын, керекті түрлі-түсті бояулар мен құрал-саймандарды, елдің ауқатты адамдарының көмегімен Арқа жақтан түйелерге артып, қажетті құрылыс материалдарын алдыртады.
Сонымен, аталған мешіт халықтық әдіс – асар арқылы шамамен 1883 жылы салынып бітеді. Мешітте үнемі діни-жоралғылар мен діни-мерекелер, жұма намаздар өткізіліп, ел ішіндегі көптеген кісілер ислам дініне бет бұрып, намазға жығылады.
Күнделікті қайыр-садағадан түскен мал сол жерде сойылып, еті жетім-жесірлер мен жоқ-жұқаларға үлестіріліп беріледі. Мешіт жанындағы Хорезмнен келген өзбек ұстасы қоладан құйған тайқазан күні кешегіге дейін (ХХ ғасырдың 50-шы ж.ж. ) сақталып келген екен.
Арықишан өмірінің ақырына дейін осы мешітте дәріс беріп, халықты діни сауаттандырады. Кейіннен, Арықишанның үлкен баласы Оспан мешіттің жанына қосымша медресе салдыртып, әкесінің ісін жалғастырып, ауыл балаларын адалдық пен имандылыққа тәрбиелеген екен. Арықишанның немере інісі Бәйтен мешітте азаншы болған көрінеді. Бәйтеннен ұрпақ қалмаған. Ал Арықишанның Оспан, Мәмбет, Мағзұм есімді ұлдары мен бірнеше қыздары болған. Бұл күндері олардың сүйектері мешіт жанындағы қорымда жатыр.
Арықишанның бел балалары мен қыздарынан тараған немере, шөбере, жиендері тағдырдың тәлкегімен Тәжікстан Республикасының Ленинабад қаласында, қыздарынан тараған ұрпақтары Қырғызстан Республикасы мен Оңтүстік Қазақстан облысының төңірегінде тұрып жатыр.
Арықишан дүние салғаннан кейін, денесі осы мешіттің ішіне жерленеді. Өзінің көзі тірісінде пайдаланған діни кітаптары да ол кісімен бірге көмілген көрінеді.
Мешіт ХІХ ғасырдың 80-ші жылдары күйдірілген қызыл кірпіштерден қаланған. Мешіттің жалпы өлшемі – 10,5х5,50 метр. Қабырғасының қалыңдығы – 80 см.
Мешіт ишанның өзі жерленген бөлме мен дәліз ретінде соғылған қосалқы бөлмеден тұрады. Кіреберіс есігі оңтүстікке қараған. Қабырғаның жоғарғы жағы ою-өрнекті карнизбен безендірілген. Сегіз қырлы (восьмигранник) болып қаланған екі барабанның үстіндегі күмбезде ішке қарай жарық түсетін 4 тесік бар. Мешіттің жалпы биіктігі – 5,70 метрге жуық.