СЫҒАНАҚ ҚАЛАСЫ
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап өткен еді.
Сыр еліндегі тарихи мәні терең көне қалалардың бірі – Сығанақ. Қызылорда облысы бойынша жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген ескерткіштердің бір – осы Сығанақ қаласы. Айта кетейік, «Қазақстанның киелі жерлерінің картасына» еліміз бойынша таңдалып алынған 100 қасиетті орындардың тізіміне облыстан барлығы 12 тарихи-мәдени ескерткіш енгізілді. Сығанақтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің картасына» енуі біз үшін үлкен мақтаныш. Археолог-мамандар Сығанақты «қыпшақ даласының қақпасы» деп те атайды. Оның өзіндік тарихи дәлелдері жетіп артылады. Сығанақ қаласы кезінде Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Әбілқайыр хандығының, кейін Қазақ хандығының астанасы болған. Тіпті, оның екі мыңжылдық тарихы бар деген де деректер кездеседі.
Ескі қаланың орны Жаңақорған ауданына қарасты Сунақата елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 2 шақырымдай жерде орналасқан. Бұл қала туралы алғашқы мәлімет 982 жылы жазылған «Худуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») атты авторы белгісіз еңбекте «Сунах» атымен кездеседі. Ал Х ғасырда өмір сүрген араб географы аль-Мукаддаси (Макдиси) аталған қаланы Отырармен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Сығанақ пен Отырардың ара қашықтығы 160 шақырым.
ХІ ғасырда қаланың Сығанақ деген атау атақты ғұлама, түркі тілінің маманы, ғалым Махмут Қашқаридың «Түркі тілінің сөздігі» дегенәйгілі еңбегінде жазылған. ХІ-ХІІ ғасырларда Қарахан мемлекетінің кезіндегі жазба деректердің барлығында қаланың аты жиі кездесіп отырады.
Сыр бойын ІХ-Х ғасырларда оғыз тайпалары мекендегені мәлім. Сол кездері Сығанақ оғыздардың иелігінде болған. Х-ХІ ғасырлардың ортасында ішкі алауыздық салдарынан Оғыз мемлекеті әлсірей бастады. Осының әсерінен ХІ ғасырдың бас кезінде қыпшақтардың шапқыншылығына төтеп бере алмайды. Біраз оғыздар Сыр бойынан ығысып кетсе, қалғаны қыпшақтарға сіңіседі. Парсы деректерінде қыпшақтар мекендеген жерлер «Дешті Қыпшақ», яғни «Қыпшақ даласы» деп атала бастады. ХІ-ХІІ ғасырларда Ертістен Еділге дейінгі ұланғайыр аумақты қамтып жатқан Қыпшақ мемлекеті Сығанақ қаласын өз астанасына айналдырады. Ол 20 гектардай жерді алып жатыр. Кейінгі зерттеу мәліметтерінде Хан сарайы маңының өзі 30 гектардан астам екені, ал, Сығанақ қаласының аумағы 300 гектардан асатыны анықталып отыр. Қала өмірі VІ ғасырдан ХVІІІ ғасырға дейін созылған.
«Менің Отаным – Қазақстан» сериясы аясында жарық көрген «Жаңақорған» ғылыми-көпшілік кітабында да осы қала жайлы мәліметтер келтіріледі. «Сығанақ» сөзінің алғашқы буыны көне түркі сөзі «суб», «сығ» немесе «сұғ», «су» деген түсінікке саяды. Екінші буыны «ан-ақ» «он оқ» деген І-VІІІ ғасырлар арасында түркі ру-тайпалары одағының жалпы атауынан шыққан. Айтыла келе, үндестік заңына байланысты «Сығанақ» болып шыққан, яғни «Сулы қала» «су жағасына салынған қала» деген мағынаны білдіреді. Өйткені, Сығанақ – бұрын Сырдарияның Қаратау жақ етегінен ағатын үлкен арнасы мен түстік жағынан өтетін кіші бір саласы арасында, айнала судың ортасында жатқан табиғи су қорғанымен қоршалған.
Моңғол шапқыншылығы қаланың гүлденген шағына тап келеді. Сығанақ қаласы бұл кезде Дешті Қыпшақ жеріне көз алартқан Мұхаммед Хорезмшахтың ықпалындағы бекініске айналған еді. Бекініс ішінде негізінен осы аймақты бағындыру үшін жиналған парсылық әскер болды. Тарихи айғақтарға сүйенсек, Жошы қалаға шабуыл жасамас бұрын ең алдымен Шыңғыс ханның қарамағында сауда және дипломатия жөніндегі қызметшісі болған көпес Хасан-қажыны қала тұрғындарымен келіссөз жүргізу үшін жібереді. Бірақ, бұл қаланың тұрғындары Хасан-қажыны өлтіріп, өздері жауға қарсы күреске шығады. Жошының әскері қаланы қоршап алады. Қаланы бекініске айналдырған Хорезмшах әскері 7 күн бойы берілмей, қарсыласып бағады. Күші басым Жошы әскері жеңіске жетеді.
ХІV ғасырдан бастап Сығанақ қаласы қайта қалпына келтіріледі. Қала жандана түседі. Біртіндеп Сыр бойындағы саяси және экономикалық орталыққа айналады. ХІV ғасырдың ортасында Алтын Ордадан бөлініп шығып, Ақ Орда мемлекеті құрылады. Оның аумағы Жайықтан Ертіске дейінгі, Арал теңізінен бастап Сырдарияның оң жағалауынан Қаратауға дейінгі аралықтарды қамтиды. Астанасы Сығанақ қаласы болады. Бұл мемлекетті Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы ханнан тараған ұрпақтары билей бастайды. Ерзен хан тұсында Сығанақта көптеген құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қала гүлденеді. Сыр бойындағы қалалармен байланыс орнатады. Одан кейін хан тағына оның ұлы Мүбарак отырады. Оның хандық тұсында Сығанақта теңге соғылады. Мүбарак хан Сығанаққа жерленген. Натанзидің «Ескендір анонимі» деректерінде Ерзен хан Орда Еженнің ұрпағының бірі, ол Отырар мен Сауранда мешіттер мен басқа да ғимараттар салдырған деген дерек айтылады. Орыс ханның тұсында Әмір Темірге арқа сүйеген Алтын Орда ханы Тоқтамыспен үлкен соғыстар жүреді. Орыс хан өлгеннен кейін Әмір Темір Сығанақты алып, Тоқтамысты хан етіп отырғызады.
Ақ Орда Темір әулетінің ықпалына енгеннен кейін ХV ғасырдың басына дейін Сығанақты Ұлықбек иеленеді. Ал, 1446 жылы бұл қала Әбілхайыр ханның иелігіне көшіп, оны ол өз билігінде өмірінің соңына дейін ұстады және ХVІ ғасырдың басына дейін Сыр бойындағы қалалар Шайбан әулетінің иелігінде болды. Сыр бойы қалаларын қайтару үшін Қазақ хандары өте қажырлы қайрат жұмсады. Ең алғаш Қазақ хандығының құрамына қосылған Қаратау етегіндегі Созақ және Сырдария жағасындағы Сауран қалалары болды. XV ғасырдың аяғында Отырар, Иассы, Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады да, Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігінде қалды. Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі. Осы кездегі Сығанақ қаласының тұрғындары туралы Рузбихан «қала аймағындағы қыстақ кенттер мен қала тұрғындарының қазақ хандығына ылғи да жақсы ниетте болып, қақпаларын ешбір қарсылықсыз айқара ашып қарсы алады. Қала тұрғындарының басқарушысы Қазы Садыр ал-Ислам, Шақпақ жүзбегі, Садыр-Шайхтар қаланы алуға келген Бұрындық ханға қала тұрғындарын жинап алып, «бұрын бұл аймақ Бұрындық ханға қарайтын, сондықтан ешбір қарсылық көрсетпей, қаланы оған берсек дұрыс болады» деп қаланы ешбір қарсылық-шығынсыз берген» деп хабарлайды. Сонымен бірге, оның еңбегінде қаланың діни-қоғамдық ғимараттарында ислам дініне байланысты сұрақ-жауаптар, түрлі жиындар болып тұратындығын, ондай кештерге өзінің де қатысатыны жазылған. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы үшін «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заман туады. Оның билігі тұсында саяси-экономикалық маңызына қарай Сығанақ қаласы Қазақ хандығының астанасына айналды. Одан кейін Есім ханның тұсында ғана хандықтың орталығы Түркістанға көшірілді.
Сығанақтың Дешті Қыпшақ территориясында сауда орны ретіндегі маңызын Рузбихан «Дешті Қыпшақтың Еділ өзені шегіне дейінгі иеліктері мен жергілікті көпестері... Сығанақ қаласын өздерінің жиналатын орны істеді және осында сауда тауарларын әкелді. Түркістан, Мәуереннахр аймақтарының және Шығыстан Қашқар, Хотан шегіне дейінгі жерлердің көпестері Сығанаққа осы елдердің тауарларын әкеліп, сауда мәмілелерімен айырбас жасайды. Бұл сауда мәмілелері Сығанақта жасалатын болғандықтан, «бұл иелік әрқашан да шет елдерден көпестер келіп тұратын орын болып табылады және онда барлық елдердің байлығы мен тауарлары мол», ондай тауарларға: «бұлғын мен тиін терісінен тігілген тондар, мықты садақтар мен ақ қайыңнан жасалған жебелер, жібек маталар мен басқа да қымбат бағалы бұйымдар» жататынын суреттейді. Бұл деректер Сығанақ қаласының өз заманында ірі халықаралық сауда орталығы болғанын айғақтайды. Иә, Ұлы Жібек жолының маңызды бір тармағының бойында орналасқан Сығанақ қаласы Шығыс пен Батыстың көптеген ірі қалаларымен сауда, экономикалық, саяси және мәдени байланыстарда маңызды роль атқарды.
Бүгінде Сығанақ тарихи мәні жоғары орындардың бірі болып саналады.