МҰНАРАЛЫ МҰНАРАСЫ
Орта Азияданың жазық далаларында сирек кездесетін мұнаралы деп аталатын ескерткіштер еліміз бойынша Қызылорда облысы аумағында көптеп кездеседі. Бүгінгі таңда аймағымыздың тарихи-мәдени ескерткіштер тізімінде барлығы 20 мұнаралы ескерткіш есепке алынған.
Сыр өңірінің Қармақшы ауданы аумағында соңғы жүз жылдықта біршама археологиялық барлау жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса, бірнеше науқандық экспедициялар ұйымдастырылды. Нәтижесінде бірнеше қалалар мен қоныстар, бекініс сарайлар, ежелгі қоныстардың орны, кесенелер мен күзет мұнаралары анықталды. Егемендік алған жылдан бері ескерткіштерді мемлекеттік тізімге енгізу, алдын-ала есепке алу және олардың төлқұжаттарын рәсімдеу, қорғау тақталарын орнату жұмыстары жүргізілді.
Солардың бірі ғылымда мәліметтері таяз бекіністік (фортификациялық), сәулеттік-көркемдік және тарихи маңызы зор – мұнара ескерткіштері. Біз оқырман назарына Өтеген мұнарасы туралы мақаланы ұсынған болатынбыз. Бүгінгі тоқталатынымыз – Мұнаралы мұнарасы.
Мұнаралы мұнарасы ХҮІІІ ғасырдың ескерткіші. Қармақшы ауданы бұрынғы Кекірелі елді-мекенінен солтүстік-батысқа қарай 35 шақырым, Жаңадарияның кепкен арнасының оң жағалауында орналасқан. Географиялық координаттары: 43°46'4,40" Е 062°12'35,27".
Тарихы мен аңызы: Бұл мұнара қайтыс болған адамның басына белгі қою мақсатында салынып, кейін күзеттік мақсаттарға немесе ру тайпалардың территориялық шекараларын анықтау мақсаттарында пайдаланылды.
Сипаттамасы мен зерттелуі: Мұнараны 1985 жылы «Казпроектреставрация» институтының экспедициясымен зерттелген. 2011 жылы «Археологиялық сараптама» ЖШС барлау жасағымен зерттелді.
Мұнараның қабырғалы сазды ерітіндіде аршылған кірпіштен тұрғызылған. Кірпіштің өлшемдері – 7,5х18х33 см. Мұнараның жалпы биіктігі – 7,4 метр. Қабырғаларының қалыңдығы – 145 см. Мұнараның табаны цилиндрлі болып келген (диаметрі – 5,2 м, биіктігі – 1 м), аршылмаған кірпіштен тұрғызылған. Құрылыс биіктігінің төменгі, шамамен 1/3 бөлігі цилиндрлі пішіндес (диаметрі – 4,5 м), содан ортаңғы бөлігі кескіні шошақ пішінге ауысады және ернеулермен аяқталады. Мұнараның цилиндрлі шахтасы (диаметрі – 105 м) барабандағы күмбезбен жабылған. Терезеге мұнараның қабырғасына орналастырылған бұрандалы баспалдақпен шығады. Баспалдаққа кіреберіс қазіргі таңда бітеу тұр.
Мұнараның кіреберісі оңтүстік-батыс жағынан сүйір ойық түрінде жасалған. Шахтаның төменгі бөлігінде бір-біріне қарама-қарсы екі тікбұрышты ойықтар бар. Мұнараның сыртқы және ішкі беттері қалыңдығы 4-4,5 см әкті сылақтан, ені 35-36 см болатын белбеулермен әрленген, бүгінгі күнге дейін екі сыртқы белбеулер сақталған.
Баспалдақтың қабырғалары қалыңдығы 6 см болатын әкті ерітіндімен сыланған. /ҚР Тарих және мәдениет ескерткішінің паспорты. Мұнаралы мұнарасы, 2011 ж. «05» қазан, құрастырушы Горячев А.А.,Кудабаев Ч.А./
/жалғасы бар/
Айдынбек АЙТБАЙҰЛЫ,
өлкетанушы