ӨНЕР ТАРЛАНБОЗДАРЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМДЫ ЖОЛДАРЫ
Қыдыр дарып, бақ қонған Сыр елі қашаннан хас таланттарды тоғыстырған өнегелі өңір. «Сыр елі – жыр елі» атанған бұл өлкеде алаштан ән оздырып, салған әні қазақ елінің биік шоқтығына айналған әнші, жыршы даланы тербеп, сан ұрпақты тебіренткен өнер иелері жетерлік.
Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде сақталған жеке тектік қорлардың қатарында Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосқан фолкьлор-зерттеуші, жырау Алмас Алматов, айтыскер ақын Бибігүл Жаппасбаева , ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов, ҚР-ның еңбек сіңірген әртістері Қаракөз Ақдәулетова және Күлән Қалымбетовалардың құжаттары сақтаулы. Иә, жырдың кені атанған Сыр өңірі талай-талай өнер саңлақтарының ордасына айналған киелі мекен.
Біз жырау Алмас Алматов пен айтыскер ақын Бибігүл Жаппасбаева туралы материалды оқырман назарына ұсынған болатынбыз. Бүгін біз қазақ саз өнерін насихаттап, оның дамуына өзіндік өрнек салып, шығармалары әлем сахнасында орындалып жүрген композитор Рамазан Тайманов туралы әңгімелемекпіз.
Рамазан Тайманов 1954 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданы Шаған ауылында дүниеге келген.
1971-1974 жылдары Қызылорда политехникумында білім алып, алған білімін тәжірибе жүзінде Тереңөзек кәсіптік-техникалық училищеде көрсетеді. Жастайынан өнерге бейім жас маман «Гүлдерайым» ансамблін құрды.
Жас талап музыкалық білімін кәсіби деңгейде жетілдіру мақсатында Алматы қаласы Чайковский музыкалық училищесін 1989 жылы бітіріп, 1990-1997 жылы Тереңөзек аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып қызмет атқарады. Мұнан соң, Қызылорда мемлекеттік университетінің «Музыка және өнер» факультетін бітіреді.
Рамазан Тайманов 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты жазылған «Қазақ қызы» әнімен республикаға танымал болды. 1996 жылы Эстонияда өткен Бүкіл дүниежүзілік «Аплаус» балалар шығармашылығы фестивалінде белгілі композитор Раймонд Паульс оның «Қызылорда жастар әнін» фестивальдің «Ең таңдаулы әні» деп бағалап, «Алтын қорға» жазып алған.
Сондай-ақ, өзінің 40 жылдық шығармашылық еңбек жолында Рамазан Сағындықұлы ауылдан шыққан жас өнерпаздарды өнерге баулап, олардың таланттарын шыңдауға мол үлес қосты.
1999-2000 жылы республикалық «Жас қанат» байқауы мен «Азия дауысында» өнер иесінің «Қазағым-ай», «Қорқыт-қобыз» әндері І-ші орын алып, ол «Ең үздік композитор» атағын иеленді.
Белгілі әншілердің орындауындағы «Қазақ қызы», «Қазағым-ай», «Боздақтар», «Сыңсу», «Махаббат мұңы», «Махаббат көктемі», «Сен мені іздедің деп кінәлама» әндері республика жұртшылығына кеңінен таныс. Композитордың сыр елінің мәдениеті мен өнеріне қосқан сүбелі үлесі, сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, 1998, 2006, 2010 жылы облыс әкімінің стипендианты атанса, 2001 жылы «Шапағат» медалімен марапатталды. 2006 жылы Сырдария ауданының құрметті азаматы атағын иемденді.
2000 жылы Р.Таймановтың жинақтауымен және өңдеуімен Сыр елі өнерпаздарының орындауындағы «Сыр әуендері», 2009 жылы «Жанымның жарты қобызы» атты компакт-дискісі жарық көрді.
Сазгер 2010 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», 2012 жылы «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды.
/жалғасы бар/
Айнұр ӘЛИАСҚАРОВА,
Қызылорда облысының мемлекеттік архивисі