ЖАЛАҒАШ ТЕМІРЖОЛ СТАНЦИЯСЫНДАҒЫ СУ ҚЫСПАҚТЫ МҰНАРА
Жалағаш теміржол станциясындағы су қыспақты мұнара 1901–1906 жылдар аралығында «Орынбор-Ташкент» теміржолының құрылысы кезінде теміржол вокзалының маңына салынған архитектуралық ескерткіш.
Теміржол станциялары жанындағы осы секілді су мұнаралары, вокзал ғимараттары, казарма үйлері т.б. құрылыс - сәулет объектілерінің құрылысына тапсырыс беруші Ресей империясының жол қатынастары министрлігі. Министрі - князь М. И. Хилков.
Жоғарыда айтқанымыздай, су қыспақты мұнара теміржол вокзалының маңында орналасқан. Композициялық тұрғыдан алғанда мұнара екі бөліктен тұрады.
Күйдірілген кірпіштен қаланған қабатының биіктігі – 10,5 метр. Оның үстіндегі ағаш бөлігінің биіктігі - 6,0 метр. Мұнараның жалпы биіктігі – 16,5 метр. Қабырғасының қалыңдығы – 70 см.
Жалпы формасы сегізқырлы (восьмигранник) болып күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған. Мұнараның астыңғы табаны (цоколь) бар. Сыртқы қабырғалары сыланбаған. Терезелерінің пішіні тікбұрышты, иілген перемычкасы және оның үстінде күрделі конфигурациялық фигуралы сандригі бар. Кіреберіс есігін солтүстік – шығыс жақ бетке қаратқан.
Есіктің үстінде жартылай циркульды перемычкасы және күрделі конфигурациялық фигуралы сандрик қаланған. Мұнараның кірпіштен тұрғызылған бөлігін сталактиттер түрінде қаланған декоративті белдемшесі бар карниз аяқтайды. Стропилалардың шеттері, кронштейндер, терезелердің карниздері қиылған ою- өрнектермен безендірілген.
Мұнараның ағаш бөлігі үш бөліктен тұрады: панельді, карнизді және ортаңғы. Алғашқы екі бөлігі сыртынан тақтайлармен тік етіп қапталса, үшіншісі – қиғаш етіп қапталған. Осы аталған ағаш бөлігінің ішінде су сақтайтын резервуар орналасқан. Оған мұнара ішіндегі айналма саты арқылы көтерілуге болады. Резервуардың шеттері кірпіштен қаланған мұнара бөлігінің үстіне орналасқан. Мұнараның шатыры шірімейтін қаңылтырдан жабылған. Ең үстінде сегізқырлы етіп жасалған, төбесін шірімейтін қаңылтырдан жапқан күмбезше орнатылған.
Мұнараның жалпы көлемі – 483 м. куб.
Мұнараға суды қыстақтан 3-4 шақырым жерде орналасқан арнайы водокачкадан айдаған.
Мұнара ХХ ғасырдың басында теміржол құрылысы кезінде салынған сол кездегі жергілікті өндіріс ошақтарының бір үлгісі болып саналады. Мұнараны салу барысында орыс архитектурасының көптеген элементтері («кирпичный стиль», «провинциальная архитектура») пайдаланылған.