КӨКТОНДЫ АСАР
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында біртұтас ұлт болу үшін қоғамдық сананы жаңғырту, ол үшін халық санасына жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету қажеттігін көрсеткен болатын. Осы мақсатта елімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасалып, көне қалаларды одан әрі зерттеу жұмыстары қолға алынды.
Сыр өңіріндегі киелі Жалағаш топырағында ежелгі қалашықтар мен мәдение-ескерткіштер көптеп кездеседі. Біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігін суреттейтін бұл киелі жерлердің қатарында көне асар төбелер де бар. Соның бірі – Көктонды асар.
Көктонды асар қалашығы біздің дәуірімізге дейін бірінші мыңжылдықтың аяғы, бірінші мыңжылдықтың ортаңғы тұсымен мерзімделеді. Қалашық М.Шәменов ауылынан шығысқа қарай 9 шақырымда орналасқан.
Қалашықтың жалпы құрылымы жан-жаққа жайылып кеткен домалақ пішінді болып келген. Биіктігі 8-10 метр. Қалашықтың ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке дейін – 35 метр болса, батыстан шығысқа дейін – 42 метрді құрайды.
Қаланың үстіңгі мәдени қабаты дұрыс сақталмаған. Казіргі кезге дейін қалашықты қоршаған ордың іздері сайрап жатыр. Асардың етегі мен айналасында үлкен қорым орналасқан.