ӨТЕГЕН МҰНАРАСЫ
Қармақшы ауданы аумағында орналасқан тарихи маңызы бар мұнаралар туралы мақаланы біз осы интертен басылымда (26 тамыз 2018 жыл) «Мұнаралардың тарихы мен маңызы» деген тақырыппен бастаған едік. Енді осы таихи ескерткіштерге жеке-жеке тоқталып өтсек.
Өтеген мұнарасы №69 (Мұнара №69) – Қармақшы ауданы, Төребай би ауылынан оңтүстікке қарай 1 шақырым жерде орналасқан. Географиялық координаттары: 44°30'37,0" Е 063°47'56,0".
Қазақстанның оңтүстік аймағының ХҮІІІ ғ. қорғаныс құрылысына жатады. Салыну себебі ХҮІІ-ХІХ ғғ. Орта Азиядағы саяси ахуал әсер етуі мүмкін.
Тарихы мен аңызы: Ескерткіштің авторы, қашан, кімнің салғандығы жайлы мәлімет жоқ. Дегенмен де шапқыншылық кезінде қарауылдық пункті ретінде қолданылғандығы байқалады. Ел ішіндегі халықтың аузындағы әңгімелерге сүйенсек мұнара төбесінде күзет қызметін атқарып, жау келгенде Жетіасар, Алтын асар жақтағыларға белгі беретін болған. Мұндай мұнаралар бұл өңірде ХҮІІ-ХҮІІІ ғғ. Жоңғар-қалмақ, Хиуа және Қоқан шапқыншылығы кезеңдерінде қорғаныс мақсатында көп салынған дейді.
Сипаттамасы мен зерттелуі:
Мұнара биік төбе басында орналасқан. Төменгі жағынан сыртқы диаметрі 2 метр, ішкі диаметрі 1,45 метр, қабырғасының қалыңдығы 40 см. Биіктігі шамамен 6 метр. Кесек өлшемдері 40х20х12 см. Мұнараға кірер есігі батысқа қаратылған, төбесі қуыс. Ішінде айналма ағаштан жасалынған баспалдағы бар.
2013 жылы «Тараз» ЖШС археологиялық орталығы барлау жұмыстарын жүргізген. /ҚР Тарих және мәдениет ескерткішінің паспорты. Өтеген мұнарасы №69, 2013 ж. «20» маусым, құрастырушы Тәжекеев Ә.Ә., Дарменов Р.Т./
Қармақшы өңірінде орналасқан өзге де мұнараларға, мәселен, Мұнаралы мұнарасы мен Еламан мұнарасы туралы алдағы уақыта жеке-жеке тоқталатын боламыз.
/жалғасы бар/
Айдынбек АЙТБАЙҰЛЫ
Өлкетанушы,
Қармақшы ауданы