ҰРПАҚТЫ ТҮПҚАЗЫҒЫНА ЖЕТЕЛЕГЕН «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАСИЕТТІ ГЕОГРАФИЯСЫ» БАҒЫТЫ
Ұрпақтар сбақтастығын сақтау, тарихпен байланыс орнату – болашақ үшін маңызды дүниелер. Біз болашаққа нық қадам басып келе жатқан дамушы мемлекетпіз. Осы кезеңде біздің бірлігіміз бен тұтастығымыз нығая түспек керек. Алыс көкжиекке көз салатын кемеңгер Елбасы аталған маңызды кезеңде бірізді жұмыс жасау мақсатында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлт тарихындағы ұлы белеске айналды. Оның жеке бағыттарының аясында еліміздің руханиятын, білім деңгейін, бәсекеге қабілеттілік дәрежесін көтеру мақсатында көптеген ізгі шаралар жүзеге асып жатыр.
Біз бүгін «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» атты бағытын тілге тиек еткелі отырмыз. Ұлт тарихында ойып тұрып орын аларлық тарихи орындар мен табиғаттан берілген ерекше белгілері бар орындардың насихатын арттырып, келер ұрпаққа аманаттау мақсатын көздейтін бағыттың маңызы зор.
Қазақ даласы қасиеті орынға кенде емес. «Қазақстанның қасиетті географиясы», ең алдымен, ұлттың ұйытқысы болып, елдің қорғанына айналған көне шаһарлардың насихатын арттыруды көздеді. Аталған тарихи қалаларға мектеп оқушылары мен студенттерді саяхат есебінде алып барып, көмбе тарихтың сырымна қанық қылды. Мұндағы мақсат – елдің, ұлттың болашақ тұтқасын ұстайтын азаматтарының ұлттық болмысын нығайтып, рухын көтеру, патриоттық сезімін ұлғайту еді.
Құлағына күмбірлеп енетін күй мен шаттыққа бөлейтін ән, көңіл пернесін дөп басатын қобыз үнімен анықталатын ұлттық ерекшелігім секілді бұл орындар да ұлтымыздың көмбе мұрасы. Ұрпаққа аманат жасау үшін оған жас күнінен тарихи мұраларымыздың маңызын ұқтырып, санасына ұлттық құндылықтарды көз қарашығындай қорғап, оларға жан-тәніңмен қамқор болуды үйрету қажет.
«Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты аясында еліміздеің әрбір аймақтарында арнайы карта жасалып, сол карта бойынша түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Әсіресе, өңірлер арасындағы саяхат түріндегі жастар байланысын нығайту ісі жолға қойылып келеді. Өзге өңірлерге саяхат жасаған жас буын елінің тарихы мен даму бағытын салыстырып, өзінің көзқарасында бағам жасайды. Сонымен қатар, ел мен жер көрген жастардың ортаға бейімделуі, бәсекеге қабілеттілігі, көңіл көкжиегінің деңгейі артады. Демек, бұл жобалардың жүктеп отырған жауапкершілігі мол және оны абыроймен атқаруда.
Тарихпен танысу арқылы адамның білімділік деңгейі де арта түседі. қазір еліміздің бірқатар өңірлерінде тарих, география секілді пәндер негізінде сол аймақтағы ерекше орындарға барып, оқушыларға сабақ өту үрдісі кең етек алып келеді. Оқушылардың барлығы осындай ерекше сабақтар кезінде өзгеше ынтамен сабақ оқып, даланың бөлек көңіл-күй сыйлайтынын, барлығын көзбен көріп, қолмен ұстаудың өзі қызық екенін тілге тиек етеді.
Руханиятты жаңғырту, жаңарту үшін, түзіліп келе жатқан жаңа ұрпақтың санасындағы ұлттық рухын, ұлттық болмысын нығайта түспесек, жаңа дәуірдің арынды ағыны тым-тырақай етіп шашыратып жіберуі кәдік. Сондықтан, мемлекет басшысы жаңа дәуірге аяқ басып келе жатқан уақытта жастарға өте үлкен көңіл бөліп отыр. Олардың сапалы білім алуына және тарихи-мәдени білімді болуына барынша жоғары мүмкіндіктер туғызуға тырысып келеді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» атты бағыты бірінші кезекте көне орындардың жағдайын жақсартып, насихатын арттыруды көздесе, екіншіден, жас буынның терең тарихи-мәдени білім алып, ұлттық рухын нығайтуды көздейді.
Кең даланың, көне орындардың адам санасына ерекше әсер ететіні анық. Бабам жортып өткен сайын даланың төсінде ұрпақ болып, бүгін біз келеміз. Ұлт тағдыры – мәңгілік. Ал әрбір буын өз кезеңінде ұлттың мәңгілік болуы үшін қызмет қылуы шарт. Ол үшін ұлттық негізден ажырамай, ұлттық құндылықтардың қадірін біліп, оларды көз қарашығындай сақтай білу қажет.