МУЗЕЙ ҚОРЫНДАҒЫ ҚОРҒАНЫС ЖАРАҚТАРЫ
Қазақ ұлтының дәстүрлі мәдениетінің бір бөлігі болып саналатын дәстүрлі жауынгерлік қару-жарағының даму тарихы бірнеше мыңжылдықты қамтиды.
Қазақ қару-жарағының барлық түрлері, олардың формалары құрылымдық ерекшеліктері, типтік құрамы осы дамудың нәтижесінде қалыптасады және оның дамуына Қазақстан территориясын әр кезеңдерде мекен еткен көшпелі тайпалар мен халықтардың қосқан үлесі бар.
Бүгінгі әңгіме Сыр өңіріндегі жауынгерлер мен батырлардың тұтынған қорғаныс жарақтары туралы болмақ.
Қазіргі таңда Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында 3 сауыт, 3 дулыға, 3 қалқан сақталған. Қорғаныс жарақтарының дамуына Сыр өңірінде әр кезеңдерде мекен еткен көшпелі тайпалар мен халықтар өз үлестерін қосты.
Музей экспозициясына қойылған жауынгерлік киімдер мен қару-жарақтардың барлығы да түпнұсқа, сондықтан олардың әрқайсысы да құнды жәдігерлер қатарына жатады. Қорғаныс жарақтарына негізінен денеге киіліп, кеудені қорғайтын сауыт, дулыға, шарайна, қол-аяқты қорғайтын қосымша жарақтар –- жеңсе, балтырлық жатады.
Сарбаздардың ұрысқа кірерде бастарына киетін темір қалпағын дулыға деп атайды. Дуылғаны біз батырлық жырлардан жақсы білеміз. Түркі жауынгерлері дулығасының екі жағы мен артқы бөлігіне темір тор тағылатын болған.
Дулығалар жасалуына қарай бірнеше түрге бөлінген. Ең көне түрі – көбелі дулығалар киіз, мата, теріден тігілген бас киімге сүйек, металл көбелерді бастыра тігіп жасалынған. Көбелері бас киім астарына қайыспен не шегемен бекітілген. Мұндай дулығалар көбіне көбе сауытпен киілген.
Қаттама дулығалар күлпара пішінде жасалып, жібек матадан тігілген астарының ішіне жүн, мақта, кіреуке үзіктері салынған. Кейде бетті қорғау үшін маңдайдан төмен темір тілшелер орнатылады.
Орта ғасырлардан бастап дулығалар темірден жасалды. Ыңғайлы болу үшін олар, көбінесе, бірнеше бөліктен құрастырылып, кұрама дулыға деп аталды. Темір дулығаның бір түрі – металдан тұтастай құйылған тұтас дулыға деп аталды.
Тұтас дулығаның кейбіреуінде бетті жауып тұру үшін темір томағалары болған. Томағалы дулығалардың қорғаныстық қана емес, ырымдық, магиялық та сипаты болған.
Жаугершілік заманда қазақ хандары мен батырлары, жауынгерлері киген дулығалардың да түрі-түсі, формасы әртүрлі болған.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы және «Сыр өлкесінің әлеуметтік экономикалық дамуы» залының экспозициясына қойылған дулығалардың тарихи маңызы зор.
Облыстық музейдің құнды экспонаттарының бірі – жоңғар дулығасы ХҮІІІ ғасырмен мерзімделеді. Жоңғар дулығасының құрылымы бірнеше бөліктен тұрады. Қазақ тарихында жер үшін болған ірі шайқастың бірі – екі жүз жылдан астам уақытқа созылған қазақ-жоңғар соғысы.
Бұл соғыстың нәтижесінде қаншама жер-су аттары қалды. Сол кезеңнен бізге жеткен белгі көп, соның бірі музей экспозициясына қойылған жоңғар дулығасы.
Бұл дулыға 1968 жылы музей қорына (Кітап №1, Акт №5, КЗМ КП 66) тіркелген. Дегенмен, бұл құнды жəдігердің қайдан келгендігі, кімнің өткізгені əлі күнге дейін белгісіз күйде қалып отыр. Ал, зерттеуші мамандар дулығаның ХVІІІ ғасырға тән жоңғарларға тəн дүние екендігін айтады. Ерекше əдіспен жасалған дулыға қалың матадан тігілген бас киім күлпара тəрізді.
Дулыға материалы: латунь, қызыл мата. Дулығаның жалпы пішіні төртке бөлініп, алдыңғы екі жағына айдаһар, артқы екі бөлігіне самұрық (феникс) құсының бейнесі бедерленген. Маңдайында өсімдік тəрізді диадемамен бедерленген тілшесі бар. Үш ғасырлық тарихты бойына жиған дулыға тарихи маңызымен, эстетикалық түрімен, бедерленген бейнелерімен музейге келушілердің назарын өзіне аударып, қызығушылығын арттырары сөзсіз.
/жалғасы бар/
Г.ОРАЗАЛИЕАВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері.