ЖАЗИРАЛЫ АЛҚАПТАҒЫ ЖЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бір бөлігі туған жердің ұлттық құндылықтарын қадірлеуге арналған. Соның бірі – еліміздің киелі де, қасиетті орындарын құрметтеу. Олардың тарихы мен тағылымын бүгінгі жас ұрпақтың бойына сіңіру.
Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеп, зерделеуге айрықша маңыз береді. Осы орайда өткен 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, қасиетті орындар, жәдігер ескерткіштер анықталды. Жалпыұлттық киелі жерлер тізіміне облысымыздан енген 12 ескерткіштің бірі – бүгін әңгіме еткелі отырған Жент қалашығы.
Жент – ескі қаланың орны. Қызылорда қаласынан оңтүстік батысқа 115 шақырым, Жалағаш ауданы, Аққыр ауылынан оңтүстікке қарай 30 шақырым жерде, Жаңадарияның оң жағасында негізгі арнадан 4 шақырым жерде, өзеннің ескі саласының бойында орналасқан.
Жент қалашығы XII-XIII ғасырларда елдің қалың шоғырланған аудан орталықтарының бірі болды. Ортағасырлық қолдан суғару іздері, үй-жайлар мен қора-қопсылар, бекіністер шығысқа қарай Жаңадарияның оңтүстік жағалауын бойлай 40-50 шақырымға Сырдария өзеніне дейін созыла орын тепкен.
Жент қаласының орны – бұл Сырдың күрең топырағында жазиралы алқапта орналасқан тарихи ескерткіштердің ең ірісі әрі ең қызықтысы.
Сырдарияның төменгі ағысы бойында орналасқан ескі қала орнынан Қытай, Иран және Орта Азиядан әкелінген XV-XVII ғасырларда әйгілі селадон, фарфор (кобальтке ұқсас) тостағандар мен аспалы ыдыстардың үлгілері табылған.
Заманында қалада мұсылман дінін ұстанған түркі тайпалары қоныстанған. Осы аймақта орналасқан Жанкент, Баршынкент, Ашнас (Асанас) қалалары Жент өлкесінің қалалар тобын құрады. Жазба деректерінде қаланың оғыз-қыпшақ иелігінде болғанын, 1138-1152 жылдары қараханидтер билігінде, кейін моңғол шапқыншылығына ұшырағанымен, саудагерлер пайда табу мақсатымен келетін базары болғанын, ХІ ғасырда Арал теңізі Жент теңізі аталып, мұнда анадолы түріктерінің атасы Селжүк жерленгені айтылған.
Жентті П.Лерх (1870 ж.), Каллаур (1900 ж.), И.Кастанье (1910 ж.) т.б. өз еңбектерінде атағанымен, орнын нақтылай алмаған.
Оны тұңғыш ашқан С.Толстов. Археолог-ғалым алғаш рет 1946 жылы Жент қаласының орнын көрсетіп, үстіңгі бетінен жинаған деректер бойынша, оның жасын ХІІ-ХҮІ ғғ. деп тұжырымдады. Зерттеушінің пікірінше, ХІІ-ХІІІ ғасырларда Жент Хорезм мемлекеті дүниежүзілік державаға айналу барысында тіректі қаласының бірі болған. Кейін 1958 жылы Б.В.Андрианов, 1961 жылы С.П.Толстов ескерткіш орнында зерттеу жұмысын жүргізді.
ХҮІІ ғасырдың тарихшысы Әбілғазы баһадүр ханның өзінің «Шежіре-и түркі» («Түркі шежіресі») атты тарихи еңбегінде Жошының Жентке жасаған жорығы жайлы: «...Жошы хан Жантемір деген нөкерін елші қылып Жент халқына жіберді. Жент халқы бағынғысы келмеді, Жантемірді өлтіруді ойластырды. Жантемір әр түрлі айла жасап, құтылып шығып, Жошыға мұның барын айтты. Жошы хан қатты ашуланып, Жендты қамады. Қаланы алып, Жантемірге қастық ойлағандарды өлтірді, өзге халықтың қанын қиып, барлығын қаланың сыртына шығарып, мал-мүлкін тонап, Әли қожа Ғаждуаниды Жендке әкім қылды...», - деп жазды. (Әбілғазы. «Түркі шежіресі». Алматы, «Ана тілі» баспасы. 2007. 75-76 бб).
Моңғол шапқыншылығынан кейін Жент қаласы қайта жанданып, Сыр өңіріндегі ірі мәдени-экономикалық орталыққа айналды. Қалада ақша сарайы жұмыс істеп, күміс және мыстан соғылған теңгелер шығарылды. «Моңғол шапқыншылығына дейін Жент үлкен қала болатын. Қаншама зобалаңға ұшыраса да ол сауда-саттыққа қолайлы қала болып қала берді... Бұл жерде әлі күнге дейін сауда орны жұмыс істейді. Саудагерлер өз саудаларын мақтап, табысты екендеріне бәсекелеседі. Қала базарлары көл-көсір... Ол жерде ылғи да таразы басы құбылып тұрады», - деп жазды ХІІІ ғасырдың тарихшысы Жамал Қаршы.
В.Бартольд Сыр өңірдегі қалалардың XV ғасырдан бастап қаңырап бос қалуы Сырдарияның өз арнасын басқа жаққа өзгертуімен байланысты болар деп пайымдайды. 1967 жылы Сыр бойындағы қалалардың қираған орнын зерттеген П.Лерх Женттің орнын Қорқыт ата мазарының маңынан іздеу керек деген болатын. Бұдан кейін Бартольд Жент орны Қызылордадан 25 км жердегі Қышқала деп болжаған. Тек 1946 жылы Сырдария мен Әмударияның аралығында орналасқан ескерткіштерді толық аралап шыққан С.Толстов Женттің негізгі орнын тапты.
Ол Қызылордадан 115 км жерде орналасқан Жанқала жұрты. Жанқалада 1946-48, 1957-58 жж. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі С.Толстов) зерттеу жүргізіп, жиналған қыш ыдыстардың негізінде қала X-XIII ғасырлар аралығында болған деп топшылады.
Жанқаланың өзінде күрделі қазба жұмыстары жүргізілмегенімен, оның айналасындағы көне суғару жүйелері біршама зерттелген. Зерттеу қорытындысына қарағанда, қала тұрғындары егін шарушылығымен айналысқан деп айтуға болады.
Сыр өңірінен жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген 12 ескерткіштің бірі – осы Жент қалашығы екендігін жоғарыда атап өттік. Алдағы уақытта қасиетті нысандар тізіміне аймағымыздан енген қалған 11 ескерткіш туралы материалдар жариялап отырамыз.
Еркебұлан ЕЛЕУОВ,
Қызылорда облыстық тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау
мекемесінің ғылыми қызметкері