БІЛІМ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Қазалы ауданында білім саласын дамыту мәселесі бір сәтте назардан тыс қалған емес. Ауданда апатты мектептер мәселесі толығымен шешілген. Бүгінгі таңда 11 мектепте сабақтар бір ауысымда жүргізіледі.
Оқушылардың білімін көтеру үшін қосымша сабақтар мен үйірме жұмыстарын ұйымдастыруға толық мүмкіндік жасалған. Мектептердің материалдық-техникалық базасы да нығайтылып жатыр.
Жалпы, биылғы жылы білім беру саласына 9 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл аудан бюджетінің 48 пайызы.
Мұғалімдердің жаңа заманның талабына сай шәкірт тәрбиелеулері үшін олардың біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Жыл басынан 1 мектеп директоры, 10 мектеп директорының орынбасары, 260 мұғалім біліктілігін арттырды. Жыл аяғына дейін 700-ге жуық мұғалімнің біліктілігін арттыру жоспарда бар.
Бұл үшін Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Астана және Алматы қалаларындағы оқу орталықтарымен келісім-шарт жасалған.
Сонымен қатар, 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылған. Ендігі міндет – 3 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту жұмыстарын жалғастыру. Бұған байланысты мемлекеттік – жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс жүргізіліп жатыр.