БАШБАЙ КЕСЕНЕСІ
Башбай кесенесі Жалағаш ауданы Аққыр ауылдық округіне қарасты Шәргелтай бөлімшесінің оңтүстігінде 25 шақырым жерде орналасқан.
Тарихы белгісіз. Кесене өлшемі 36х18х10 см. болатын қам кесектен қаланған бір камералы, порталды-күмбезді құрылыс.
Кесененің ішкі - сыртқы беті сабан сылақпен сыланған. Жалпы формасы квадратты, 8,3х 9 метр болып келген. Биіктігі – 6,90 м., қабырғасының биіктігі – 1,8 метр, қалыңдығы – 1 метр.
Полусфералық пішінді күмбез биік барабанның үстінде орналасқан. Төрт бұрышына жалпы формасы төртбұрышты болып келген төрт бағана (гульдаста) тұрғызылған. Жебе тәрізді етіп қаланған қуыстың ішінде орналасқан кесене есігі бар портал ( пештак) оңтүстік- шығыс жаққа қаратып салынған.
Кесененің солтүстік-шығыс жақ қабырғасында кесенеге жапсарлана салынған сағанатамға кіретін есік орналасқан.
Құрылыс көлемі: шамамен 92 куб.м.
Казіргі уақытта кесененің күмбезі құлап қалған. Жауын-шашынның әсерінен порталы мен қабырғаларының кейбір жерлері шатынап жарыла бастаған.