СЫҒАНАҚТЫҢ СЫРЫ
Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Сығанақ қаласы қыпшақтардың астанасы болған. Сығанақтың тарихы ерекше, трагизмге толы, сонымен қатар ол ислам дінінің Арал жағалауында пайда болып, таралуына айрықша мәні бар бірінші бекініс болған еді. Сығанақ 14 ғасырда Қазақ хандығының астанасы болды.
Қыпшақтардың айбынының дәуірі моңголдардың Сығанаққа басып кірумен аяқталды. Моңголдар Сығанақты қоршап алып, қала қақпасын ашып беруін талап етіп елшілерін жібергенде ержүрек қыпшақтар елшінің басын кесіп, бекініс қабырғасына іліп қойған деседі. Олар өліспей беріспеуге бел буды.Кескілескен соғыс бір айдан астам уақытқа созылды. Қорғайтын адам қалмаған кезде моңғолдар қақпаны қиратып қалаға кіре алды. Басқыншылар тұрғындар жас-кәрі демей түгел қырып салды. Қаланы түк қалдырмай қиратып, жермен жексен етті. Көп жылдар бойы бұл қаланың орны шөл дала болды.
Жаңақорған ауданындағы Сунақата ауылының батысында 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан Сығанаққа барғанда осы аңызды естідік.
Байқағанымыздай, құм жұтқан қалалардың бірі болып ұзақ жатқан шаһардың топырағы аршылып, алғашқы бет-бейнесі қалпына келтірілген.
Бұған дейін облыс басшылығы Сығанақ қаласы орнындағы тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіруге ықпал етті. Сонымен, тоғыз жолдың торабында жатқан орданың сырлы шежіресіне тоқталып өтсек.
«Болса Тәңірім екінші өмір қиғандай, Сығанақта көз жұмар ем қиналмай». Ғұлама Хиссамуддин әл-Сығанақи осылай жырлаған. Өлең жолдарынан шаһардың шат-шадыманға толы асыл мекен болғанын аңғарамыз.
Жалпы, Сығанақты 1898 жылы орыс саяхатшысы Каллаур, 1927 жылы Якубовский зерттеген екен. 1947 жылы А.Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы да зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Ал, 1940-1950 жылдары Агаева, Пацевич, 1970 жылдары Ақышев, Байпаков зерттеп, Отырардан кейінгі екінші қала деген қорытынды жасаған. Негізінен тарихи орынды зерттеу тәуелсіздіктен кейін кешенді түрде қолға алыныпты.
2003 жылдан 2016 жылға дейін Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сәйдін Жолдасбаев бастаған ғалымдар тобы «Қызылорда облысы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау» МКМ тапсырысы бойынша археологиялық қазба, реставрациялау жұмысын жоспарлы жүзеге асырған.
Қазба барысында ежелгі халықтың тұрмысынан хабар беретін қорған, су жолдары, кесене орындары табылыпты. «Аса ірі сауда шаһарына айналған Сығанақта күніне 500 түйеге артылған тауарлар сатылатын кездер болған» деген дерек те бар. Тарихи мәліметтерде Сығанақ секілді алып шаһар үшін шайқастар Тоқтамыс пен Орыс ханның, Әбілқайыр хан мен қалмақ
Енге төренің, кейіннен Қазақ хандары мен Шайбани ұрпақтарының арасында болғаны баяндалады. Осының бәрі шаһардың аса маңызды аймақтан орын теуіп, көптеген хандар мен айтулы ақсүйектер жерленген қасиетті орынға айналғандығынан болса керек. Қазір де Сығанақ тарихи мәні жоғары орындардың қатарында.Оның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енуі де көңіл қуантады.