«АҚМЕШІТ – ПЕРОВСК – ҚЫЗЫЛОРДА»
1925 жылы 15 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылды.
Съездің күн тәртібіне КСРО-ның халықаралық және ішкі жағдайы, Орталық Атқару Комитеті мен Халком Кеңесі президумдарының есепті баяндамалары, ауыл шаруашылығының жағдайы, Халық ағарту ісі, қаржы саясаты және салық, Кеңестік құрылыстың жаңа міндеттері туралы мәселелер қойылды.
Съезде екі ұсыныс қызу қолдау тапты. Олар – Ақмешіт қаласының атын Қызылорда деп өзгерту, екіншісі және ең бастысы – бұған дейін ресми жазбаларда «қырғыз» болып жазылып келген ұлт атауын қайта қарау.
Бесінші съездің стенографиялық есебін қараған жазушы Б.Қойшыбаев Сұлтанбек Қожановтың бұл ұсыныстарды орайын келтіре отырып жария еткенін айтады. «Төрағалық етуші үндеу мәтінін оқыған соң, делегаттар оны қызу қол шапалақтап қуаттады. Осы кезде Қожанов сөз алады да былай дейді: «Бізде осы уақытқа дейін бір түсінбестік боп тұр. Киргиздер өздерін қазақпыз деп атайды. Мұны олар орыс казактарынан көшіріп алған жоқ, бағзы заманнан «қазақ» деп аталатын. Көшпенділердің алғашқы одағы «қазақ» делінетін, сондықтан орыс казактары осы атауды өздеріне бізден көшіріп алған деп ойлауға болады. Енді қазақ – «қазақ» деген сөздің орысшасы «киргиз» болар деп ойлайды. Декларацияда «Киргиз Республикасы» деп айтылған, ал Тоқжігітов жолдас оны оқығанында «Қазақ Республикасы» деп атады, яғни бұл – аударма. Бұл ескіліктің қалдығы екенін білетіндігімізден, мұны зерттеу керек. Бәлкім тәржімашылар, отаршыл күштерге жағынып, қазақтарды осылай атаған болар.
Айтпақшы тағы, киргизді (яғни нағыз қырғызды) қара-киргиз (қара-қырғыз) деп те атайды. Бірақ бұл қара-киргиз емес, оларды орыстар солай атаған. Біз жәй ғана қазақтармыз, ал қырғыздарды қазақтардан ажырату үшін оларды қара-киргиз деп атаған. Енді болашақта киргизді қазақ деп, ал республиканы Қазақтікі, яғни Қазақстан деп атауды заңдастыру керек. Мен осы атауды бекітіп, соншалықты әдемі емес таңбаны жуып тастауды ұсынамын. Кеңестердің Бесінші Бүкілкиргиз съезі «қазақ» атауын киргиз халқының аталымына және «Қазақстан» атауын Киргиз Республикасына беруді заңдастырсын».
Қожановтың ұсынысын залдағылар қуаттап, қол шапалақтады. Шапалақ дыбысы басылғанда С.Қожанов тағы да сөз алды да «Ақмешіт қаласы патша үкіметі жаулап алғанға дейін Ақмешіт аталатын. Патша өкіметі кезінде граф Перовскийдің құрметіне Перовск боп өзгертілді. Революция оған қайтадан ескі атауын берді. Бұрын қалай аталса да, ол артта қалған, қатардағы жұпыны қала болатын. Кеңестердің Бесінші съезін біз Қазақ Республикасы ғұмырындағы күрт бетбұрыс деп санаймыз. Бұл съезді біз бірінші Съезд деп атаймыз. Бұл съездің Қазақ Республикасының жаңа орталығы Ақмешітте өтуі де оның мәнін арттыра түседі. Сөйтіп жұпыны Ақмешіт қалашығы Қазақ Республикасының орталығына айналып отыр. Қаланың мән-мағынасы ауысуына байланысты, мен осы қаланың атын таза қазақы атауға өзгертсек деген ұсыныс енгіземін. Бұрын хандық құрылымдардың орталықтары болатын, мысалы, Ақ Орда дейтін. Атақты хан өз орталығын Көк Орда деп атаған. Ал біз өз орталығымызды Қызыл Орда деп атай аламыз. Мен орталығымыз Ақмешітті (Перовскті) бұдан былай Қызыл Орда деп атауды ұсынамын» деді.
Бес күнге созылған съезд «бұдан былайғы жерде «киргиз» деген атау «қазақ» болып ауыстырылсын, «Киргиз Республикасы» «Қазақ Республикасы», ал оның астанасы Ақмешіт – Қызылорда болып аталсын» деген қаулы қабылдайды. С.Қожанов Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгертуде «орда» сөзін дәстүрлі мемлекеттің ұғымында емес, жаңа қоғам орнатқан ұлттың астанасы мағынасында қолданды.
Осы жиында Қазақстан еңбекшілеріне «үлкен қиыншылықтардан өттік. Езушілерге қарсы ауыр күрестен өттік. Азамат соғысының ауыр жылдарынан өттік. ҚАССР-ін құрып, нығайту жөніндегі тарихи дәуірден өттік. Ал алдымызда әлі көп іс, творчестволық көп жұмыс тұр, қиыншылықтар да аз емес. Алдымызда Қазақ республикасын экономикалық жағынан көркейту дәуірі тұр, еліміздің өндіргіш күштерін көтеру жолында, ҚАССР-ін мекендейтін барлық еңбекшілердің материалдық әл-ауқаты мен мәдениетін көтеру жолында күресу дәуірі тұр» деген үндеу жарияланды. V съезд қабылдаған қарарда республикадағы өнеркәсіпті дамыту, алдағы онжылдықта теміржол және жергілікті жол қатынасын, байланыс құралдарын, көшпелі және ауылдардағы жылжымалы поштаны дамыту, радио-телеграф жүйелерін кеңейту шаралары қабылданды. Сондай-ақ, мал шаруашылығын дамыту үшін республиканы 3 ауданға: біріншісі – егіншілік-мал шаруашылығы сипатындағы, екіншісі – жайылымдық жер басым орын алатын, үшіншісі – бірыңғай мал шаруашылығы үстемдік құратын аудандарға бөлу келісілді.
Басқосуда бұрынғы Түркістан республикасы губерниялары мен Қарақалпақстан автономиялы облысының бірқатар аудандарының қосылуы, 1920-1921 жылдары қоныс аударғандардың келуі, белең алған құрғақшылық салдарынан онсыз да тар жердің құрылымын қайта құру қиындық туғызып отырғаны айтылды. Суландыру туралы мәселе терең талқыланып, Сырдария, Әмудария және Қазақстанның басқа да өзендерінің суын іргелес жатқан республикалармен бөлісу, суармалы егіншілік экономикасын қалыптастыру, су шаруашылығы кадрларын дайындау үшін Қызылорда гидротехникумын ашуға қаржы бөлінді.
Осы съезде ұлттық-мемлекеттік құрылыс саласына қатысты маңызды тарихи шешімдер қабылданып, өкімет органдары сайланды. Мәселен, Сыр бойында туып-өскен Сүлеймен Есқараев Ішкі істер халық комиссары, Бегайдар Аралбаев Қазақ АКСР Атқару комитетінің хатшысы болды.
Қазір Қызылорда қаласындағы Сырдарияның сол жағалауында қазақ тарихындағы тағдыршешті жиындардың бірі – Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі өткен Қазақ орталық атқару комитеті үйінің үлгісімен жаңа ғимарат салынды. Бұл – тарихқа құрметтің үлгісі.
Г.ЖАЛҒАСОВА