ҚАРАША ҮЙДІҢ ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ОРНЫ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін» атап көрсетті. Біздің рухани кемелдену мұратымыз аса биік. Осы орайда ұлттық салт-дәстүріміз, кейбір ырым-тыйым туралы аздаған мағұлмат бергенді жөн көріп отырмыз.
Ертеден қалыптасып, ұлтымыздың санасына берік орнаған әдеп пен ырымдардың жиынтығы бар екенін кейбіріміздің біле бермеуіміз мүмкін.
Мәселен, киіз үй ішінде адамның жүріс-тұрысына оның некелік қарым-қатынас жүйесіндегі алатын орнына сәйкес реттейтін тәртіп бар. Үй иесінің, яғни ер адамның орны күнделікті тірлікте – төр болған. Оның зайыбының орны – отағасының сол жағында. Келіннің отыратын жері есікке жақын. Енесінің көзі тірісінде келін төрде отырмайды, оның алдын кеспейді.
Дәстүрлі мінез-құлық ережелерінің жазылмаған жиынтығы осы кезге дейін сақталып келеді. Отқа су құюға, оған түкіруге, пияз қабығын тастауға, өткір, үшкір зат тигізуге, қоқыс тастауға болмайды. Табалдырыққа отыруға немесе тұруға, басқа біреумен қатар аттауға тыйым салынады. Жиылмаған ыдыс пен дастарқанның бетін түнде ашық қалдырмайды. Бұл ережелер отбасының есен-саулығы үшін үлкен маңызға ие. Сондықтан ең алдымен киіз үйдің ережесін отағасы мен отбасы мүшелері ұстануы тиіс.
Қонақжайлықтың басты қағидасы бойынша үй иелерінің қабылдауына көңілі толмаған қонақ үйдің ырысын өзімен бірге ала кетеді деген сенім берік орныққан. Сонымен бірге, қазақ дәстүрінде сүйеніп немесе қолын тіреп отыруға болмайды. Қолымен жер тіреп, белін таяну жаман ырым саналады.
Егер ер адам осындай қалыпта отырса, «күш кеткен», «белсіздік» дегенді білдіреді. Бұл – марқұм болған адамды жоқтаған кезде отыратын қалып. Бөтен адамның көзінше керілу, жастарға киіз үй ішінде жамбастап жату жақсыға жорылмайды. Тамақты жатып ішкен дұрыс емес. Ол науқас адамға тән нәрсе. Қазақта ер адамның дұрыс отырысы – малдас құру. Тұрмыстағы әйел оң аяғын астына басып, сол аяғын тізеден бүгіп, ошаққа бетін бұрып отырған жөн.
Киіз үй – еркек пен әйел жаратылысы біртұтастығының, олардың тіршілік беретін, дүниеге ұрпақ әкелетін мәнінің бейнесі. Оны жасауда дүниенің екі жақтылық қағидасы байқалады. Үйдің ішкі кеңістігін әйел жаратылысымен байланыстыру мәдениет ұғымының бірі. Ер адам жаратылысын бақан бейнелеген. Оң жақ ер адамның жартысы, киіз үйдің киелі бөлігі болып табылуында үлкен мән бар. Оң жақ – қонақ жайғасатын сыйлы орын.
Дана қазақ «Білгенге – маржан» дейді. Ежелден-ақ осындай пәлсапалық озат ой түйген ата-бабамыздың санаға сіңгені мен сіңіп үлгермеген салт-дәстүрлерінен кейбір ырым-тыйымдар жайлы мағлұмат бердік. Ғасыр қойнауынан жеткен өсиетті сөз кейінгі ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Ж.ПАЗЫЛБЕКОВ.
Қызылорда қаласы